Аймақтар • Бүгін, 08:00

Мәншүк, Әлия, Хиуаз... Қазығұртта

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы­на орай қазақтың үш батыр қызы – Мәншүк Мәметова, Әлия Мол­да­ғұлова және Хиуаз Доспановаға арналған еңселі ескерткіш ашылды.

Мәншүк, Әлия, Хиуаз... Қазығұртта

Сарапхана ауылындағы та­­­рихи-этнографиялық «Мәң­­гілік ел» саяба­ғында ұр­паққа ұлағат болатындай, ұлтқа рух беретіндей, Шығыс халқына аңыз болған үш батыр қызға арналған ескерткіш бой көтерді. Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырыл­ған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы мен Шымкент қаласының соғыс және еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қа­тысып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Қоладан құйылған, ескерт­кіштің тұғырымен жалпы биіктігі – 9,5 метр, ал батыр қыз­дар мүсінінің биіктігі – үш метр. Композициялық монументтің артында биіктігі 6,5 метр болатын стелла бар. Мүсінші – Әділхан Баялиев. Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының бойында алыстан мен­мұндалайтын ескерткіш саябақтың ортасында орналасқан. Ерлік пен өрліктің, нәзіктік пен намыстың рәмізіне, ұлт мақтанышына айналған батыр қыздардың бейнесі «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қорының демеушілігімен бой көтерді.

– Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент батырларымыздың есімі елді мекендерге, түрлі нысандарға, көшелерге берілгенін, училищелерді, авиация базаларын, әуежайларды батырларымыздың есімімен атау дәстүрге айналғанын және бұл бағыт­тағы жұмысты жалғастыру қажет­тігін айтты. Атырауда өткен сол құрыл­тайдан соң іске кірісіп, бүгінде осынау еңселі ескерткішті ашып отырмыз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, – дейді «Жеті жарғы» және «Қожаберген жы­рау» халықаралық қоғамдық қайырым­дылық қорының төрағасы, белгілі заңгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараев.

Салтанатты рәсімнен кейінгі жиында сөз алғандар Екінші дүниежүзілік соғысында жанын шүберекке түйіп, туған жердің тыныштығы үшін жан­қиярлықпен күрескен батыр қыздар бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты. Май­дан даласында қаза тапқан Мән­шүк пен Әлияның, соғыстан аман оралып, авиа­ция саласында еңбек еткен  Хиуаздың ерліктері еске салынды. Ұрпақ жадында сақталатын осындай тағылымды шаралар арқылы тарихқа тағзым етіп, батыр бабалар аманатына адалдық таныту қажеттігі де айтылды. Жиыннан соң батыр қыздардың рухына құран бағышталып, арнайы ас берілді.

Айта кетелік, аумағы 10 гектар «Мәңгілік ел» саябағында қазақтың үш биінен бастап, Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр, Алаш арыстары, Анаға тағзым, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған 30-ға жуық ескерткіш орын тепкен. Саябақ аумағында 5 мың түп ағаш егілген. Бұл саябақ бүгінде 110 мың халқы бар Қазығұрт ауданы тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Сондай-ақ өңірде туризмнің дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

 

Түркістан облысы