
Зубробизон – еуропалық зубр мен американдық бизонның будандасқан түрі. Бұл жануар дене бітімі мығым, жүні қалың, басы ірі болып келеді. Орташа өмір сүру ұзақтығы – 25 жыл. Жетілген бұқаларының салмағы 900 келіге дейін жетеді.
Зубробизон әлемде – Беларусь пен Канадада ғана кездеседі. Табиғи ортада өмір сүрмейді, тек қорықтар мен зообақтарда мекендейді. Суық ауа райына бейімділігімен ерекшеленетін бұл жануар кейбір елдердің Қызыл кітабына сирек будан ретінде енген.
«Бурабайда туған төл өзін жақсы сезінеді. Оған ветеринар зор ықыласпен күтім жасап жатыр. Қазір зообақта төрт зубробизон бар. Олар — еліміздің табиғатында сирек кездесетін, ерекше жануарлардың бірі», дейді зообақ қызметкерлері.
Бурабай зообағында бұл ғана емес, түрлі себеппен құтқарылған, қамқорлыққа алынған 30-дан астам жануар мекендейді.
«Зообақ күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін ашық. Табиғатпен қауышып, осы керемет жануарды көремін деушілерді асыға күтеміз!», дейді «Бурабай даму» ЖШС баспасөз қызметі.