
Фото: ҚР ДСМ
Форумда шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыру, заманауи технологияларды енгізу, және емдеуге жатқызуға дейінгі кезеңде көмек көрсетудің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланады.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Муратов конференцияның ашылуында Қазақстанда шұғыл медициналық көмекті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтты.
«Қазақстан – аумағы кең, халқы әркелкі қоныстанған ел, бұл шұғыл медициналық көмекті көрсетуге ерекше жағдай туғызады. Біз заманауи логистикалық моделдерді, телемедицина шешімдерін енгізіп, мамандардың біліктілігін арттыру бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Ең маңызды басымдықтардың бірі – қолжетімсіз өңірлерден пациенттерді дер кезінде эвакуациялауға мүмкіндік беретін медициналық авиацияны дамыту болып табылады», деді Тимур Муратов.
Панелдік сессияларда өзбекстандық әріптестер шұғыл медициналық көмек жүйесінде ауданаралық орталықтардың жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ Қазақстанның түрлі аймақтарынан жедел медициналық көмектің өзекті мәселелері қаралды. Ресей Федерациясынан келген сарапшы жүрек-өкпе реанимациясы мен реанимациялық іс-шаралардың заманауи технологияларын таныстырды, ал Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері бейнетіркегіш құрылғыларын пайдалану тәжірибесін ортаға салды.
Конференцияда санитариялық авиацияны дамыту, шұғыл медициналық қызмет мамандарының құқықтық реттелуі және реанимациялық іс-шараларға инновациялық көзқарастарға ерекше назар аударылды.
«Шұғыл медициналық көмекті дамыту – денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біз халықаралық ынтымақтастыққа, заманауи технологияларды енгізуге, кадр даярлауды жетілдіруге және әрбір азамат үшін шұғыл көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүдделіміз. Конференция нәтижелері Қазақстандағы жедел медициналық көмек жүйесін одан әрі нығайтуға негіз болады деп сенемін», деді вице-министр.