
Ұйымдастырушылар атап өткендей, байқаудың негізгі мақсаты – шекара маңындағы аумақтардың өмірі мен ерекшеліктеріне назар аудару, осы өңірлерде тұратын балалардың жеке әңгімелері арқылы олардың ел үшін маңыздылығын көрсету, сондай-ақ балалар бойында шекарашы мамандығына деген құрмет пен патриотизм сезімін ояту.
Байқауға 14 мектеп оқушысы қатыспақ. Олардың ата-аналары әскери саладан тыс азаматтық секторда жұмыс істейді. Балалар байқау тапсырмасы бойынша «Шекарашылар балаларға не үйретеді?» тақырыбында бейнероликтер әзірлеп, туған өлкесінің табиғи ерекшеліктері, сондай-ақ шекараны күзету арқылы Отанды қорғауға қалай көмектесетіні туралы әңгімелейді.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқандай, ауылдық аймақтарды дамыту тұжырымдамасында шекара маңындағы аудандарға қатысты жұмыстың негізгі басымдықтары айқындалған. Шекаралас елді мекендердегі жағдай мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді және стратегиялық маңызы бар.
Ұсынылған байқау бейнероликтері ҰҚК Шекара қызметінің парақшасында жарияланып, жеңімпаздар анықталады. Балаларды қорғау күні қарсаңында шекарашылардың жас достары салтанатты түрде марапат алу үшін елордаға шақырылмақ.