Қоғам • Бүгін, 10:57

Алаяқтар балаларды алдауға көшті

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта жасөспірімдерге бағытталған алаяқтық жағдайлар көбейіп келеді. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарды балалардың интернеттегі әрекеттеріне жіті назар аударуға шақырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алаяқтар балаларды алдауға көшті

фото: qazdauiri.kz

Министрліктің таратқан ақпаратына сүйенсек, алаяқтар онлайн ойындар мен мессенджерлерді (әсіресе Telegram) пайдаланып, балаларды алдап, ата-аналардың банк карталарының деректерін қолға түсіруге немесе кәмелетке толмағандарды заңсыз қаржылық әрекеттерге тартуға тырысады.

Балаларға ойын арқылы ұтыс ұтып алуға немесе «оңай ақша табуға» болады деп сендіріп: банк карталарының суретін CVV-кодымен бірге сұратады; карталарын «жалға беруді» ұсынады; достары мен сыныптастарының карталарын жинауды сұрайды. Бұл әрекеттердің салдары өте ауыр болуы мүмкін заң алдында жауапқа тарту қаупі бар және баланың психикасына, өмірге деген сеніміне зиян келтіреді.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәселеге қарай ата-аналарға төмендегідей кеңес берді:

  • Баламен ашық сөйлесіп, алаяқтың кім екенін және неге банк картасының деректерін ешкімге беруге болмайтынын түсіндіріңіз;
  • Қауіпті арналарға жол бермес үшін ата-ана бақылауын орнатыңыз;
  • Балаңыз интернетте кіммен, не жайлы сөйлесіп жүргенінен хабардар болыңыз.
  • Күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына немесе 111 байланыс орталығына хабарласыңыз.