Қазақстан • 13 Мамыр, 2025

Қазақстан – Біріккен Араб Әмірліктері: Сенім мен ынтымақтастық жолы

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Ақорда» резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянды қарсы алды. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы мен Абу Дабидің Тақ мұрагері бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Қазақстан – Біріккен Араб Әмірліктері: Сенім мен ынтымақтастық жолы

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Нәтижелі келіссөз

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақ­тастыққа тың серпін беретінін айтты.

Президенттің айтуынша, Әмір­ліктер – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды.

Кездесуде Біріккен Араб Әмір­лік­терінің еліміздің экономикасын­дағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіретіні жөнінде айтылды. Былтыр БАӘ-нің елімізге құйған инвестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті.

Мемлекет басшысы аталған сапар аясында құны 5 миллиард дол­лар­ды құрайтын 20-дан астам ком­мер­циялық келісімге қол қойы­латынын құптады. Оларды жүзе­ге асыру елдер арасындағы страте­гиялық ынты­мақтастықты айтар­лық­тай ілгері­летіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.

Абу Дабидің Тақ мұрагері көр­сетілген қонақжайлық үшін риза­шылығын білдірді. Сонымен қатар табиғаты көркем, халқы жайсаң елімізге ерекше қуанышпен келетінін жеткізді.

а

Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара сенім, қолдау және ортақ игілікке бірге ұмтылу қағидаттарына құрылғанын атап өтті. Бұл байланыстар сауда-инвестициялық ықпалдастық шеңберінен шығып, энергетика, көлік салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып жатқан кең ауқымды бағыттарды қамтитынына тоқталды. Тақ мұрагерінің айтуынша, қол қойылған келісімдер екі елдің болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екенін дәлелдейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның келіссөздері аяқталғаннан кейін екіжақты құжаттар алмасу рәсімі өтті. Екі ел арасында:

  1. Қазақстан Республикасы Көлік ми­нистрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Энергетика және инфрақұрылым ми­нистр­лігі арасында автокөлік саласын­дағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Біріккен Араб Әмір­ліктері Әділет министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  3. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен «Masdar» компаниясы арасында Қазақстан Республикасында 2 мың МВт-қа дейін қуат сақтау жүйесі және 500 МВт-қа дейін тәуліктік энергиямен қамту жобаларын әзірлеу бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
  4. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен AIQ арасында Қазақстан Рес­пуб­ликасының мұнай-газ саласын цифр­лық трансформациялау бойынша стра­тегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
  5. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен «Abu Dhabi Commercial Bank» арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
  6. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Presight» компаниясы арасында Қазақстан Республикасында суперкомпьютер кластерін құру жөніндегі келісім;
  7. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Abu Dhabi Ports Group» арасындағы сауда флотын кеңейту бойынша ынтымақтастықты дамытуға қатысты хаттама;
  8. «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен AIQ арасында мұнай-газ саласын цифрландыру бағытындағы ықпалдастық мәселелері бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім;
  9. Түркістан облысы әкімдігі мен Абу Даби даму қоры арасында Түркістан қаласында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы перзентхана құрылысын салу және қаржыландыруға қатысты өзара түсіністік туралы меморандум;
  10. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен «Terminals Astana Airport Limited» арасында Астана қаласының Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуе­жайы мен оған іргелес аумақты дамыту­ға инвестиция салу туралы келісімге қол қойылды.

Бұдан бөлек, құжат алмасу рәсімінде ел Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында жел электр стансасы жобасын іске асыру туралы келісімнің ра­ти­фикацияланғаны туралы хабарланды.

 

Жеті бағытқа ден қойған мектеп

Ақордадағы кездесуден соң Президент пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян елордадағы шейх Халиф бен Заид Әл Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейді аралады.

Қазіргі кезде аталған оқу ошағында 2 800 бала білім алып, 159 педагог еңбек етеді. Биылғы оқу жылында «Цифрлы мектеп» жобасы дайындалып, жаратылыс­тану және математика пәндері 7 бағытта, атап айтқанда, IT STEM, FAB LAB, роботты техника, қолданбалы математика, биоинженерия, математикалық модельдеу, биохимия салаларына бөліп оқытылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян араб тілі кабинетін көрді. Мектеп оқушылары араб тілі мен әдебиетін меңгеруде жеткен жетістіктерін танытты. Сондай-ақ оқу­шылар Мемлекет басшысы мен Абу Дабидің Тақ мұрагеріне мектеп музе­йін таныстырды. Онда екі елдің ынтымақ­тастығы мен достығына арналған көрме ұйым­дас­тырылған. Экспозицияға ежелгі дәуір­ден бүгінге дейінгі араб әлемі жөнін­д­е сыр шертетін кітаптар, ұлттық киім үл­гілері мен тарихи жәдігерлер қойылған.

 

Капитал нарығындағы мүмкіндіктер нығайып келеді

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды. Онда мәртебелі меймандар Қаржы орталығының жетістіктерімен танысып, АХҚО Соты, Қаржы қызметін реттеу комитеті, биржа және Халықаралық төрелік орталығының ерекшеліктерін тамашалады.

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Мемлекет басшысы мен Абу Дабидің Тақ мұрагеріне инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді.

Бүгінгі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінің 46 компаниясы АХҚО резиденті ретінде тіркелген. Олар қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технология, сауда, көлік, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі секілді түрлі салада қызмет етеді.

Бұдан бөлек, еліміз бен БАӘ капитал нарығы арасында байланыс нығайып келеді. Мәселен, биыл 7 мамырда Nasdaq Dubai және Astana International Exchange (AIX) биржалары орталық депозитарийлерінің арасында тікелей байланыс орнағанын жариялады. Былтыр AIX Абу Даби биржасы (ADX) құрған Tabadul цифрлық биржа хабына қосылды.

 

Инвестициялық байланыс тереңдейді

Сондай-ақ Президент пен Абу Дабидің Тақ мұрагері «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумына қатысты.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті. Қол қойылған құжаттардың жалпы сомасы 5 млрд долларға жуық. Бұл экономиканың негізгі секторларын қамтитын коммерциялық келісімдер серіктестік аясын кеңейтуге септігін тигізеді.

о

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған уағда­ластықтардың толық жүзеге асырылуына екі елдің бизнес және корпоративтік сектор өкілдері елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

– Біріккен Араб Әмірліктері – еліміз­дің Шығанақ аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі. Бүгінге дейін экономикамызға 4,3 млрд доллардан астам инвестиция құйды. БАӘ-нің 2031 жылға дейінгі даму стратегиясы біздің инновация, өнеркәсіпті дамыту және әртараптандыру бағытындағы ұлттық басымдықтарымызбен үнд­е­се­ді. Сондықтан біз серіктестерімізге қолай­лы жағдай жасауға ниеттіміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес қауымдастығы өкілдеріне елімізде ЭЫДҰ халықаралық стандарттары мен қағидаттарына сай жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар жөнінде айтты. Осы орайда шетелдік инвесторларға, соның ішінде БАӘ компанияларына жүйелі әрі жедел көмек беру үшін құрылған Инвестиция тарту жөніндегі кеңес жұмысы туралы мәлімет берді.

– Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. «Masdar», «Presight», «Abu Dhabi Ports», «Terminal Holdings» және «Аbu Dhabi Commercial Bank» cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бизнес форум аясында цифрлық технология дамуына, қаржы, урбанистика және «жасыл» экономика салаларындағы заманауи трендтерге арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар екі елдің бизнес өкілдері B2B форматында кездесулер өткізді. Форумға Әмірліктерден Абу Даби Экономикалық даму департаментінің, БАӘ сауда-өнеркәсіп палаталарының, сондай-ақ «Masdar», «AMEA Power», «Abu Dhabi Ports Group» және тағы да басқа ірі компаниялардың өкілдері қатысты.

«Қазақстан-БАӘ» бизнес-форумында:

  1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «QazaqArab Sugar» ЖШС арасында Қазақстанда қант зауытының құрылысы жобасы бойынша инвестициялар жөніндегі келісім;
  2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласы әкімдігі мен «Presight» компаниясы арасында мәліметтерді өңдеу орталығының құрылысы бойынша меморандум;
  3. Астана қаласы Білім басқармасы мен «Emirates Kazakhstan Education Investment Group» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  4. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен «Abu Dhabi Global Market» арасында мәліметтерді қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум;
  5. «ҚМГ Инжиринг» ЖШС мен AIQ арасында білім алмасу және AIQ шешімдерін әзірлеуге арналған стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім;
  6. «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен «Khalifa Economic Zones Abu Dhabi» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  7. «Semurg Invest» ЖШС мен «Abu Dhabi Ports Group» арасында «Құрық» көпмақсатты терминалының құрылысы және оны дамыту қағидаттары жөніндегі келісім;
  8. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы АҚ мен «Khalifa Economic Zones Abu Dhabi» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  9. «Alel Agro» АҚ мен «LULU Group» арасында агро азық-түлік өнімдерінің саудасын ілгерілету және сатып алу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум секілді бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян қазақ халқының мәдени мұрасын таныстыратын «Этноауыл» көрмесіне барды. Мәртебелі меймандар ұлттық киім үлгілері, қолөнер, әдет-ғұрып пен музыкалық аспаптар, халық ойындары көрсетілген түрлі тақырыптық аймақты тамашалады. Олар қазақ халқының бай тарихы мен рухани құндылықтарын танытатын аңшылық және кескіндеме өнеріне тәнті болды.

ш

Елімізге екі күндік ресми сапармен келген Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайынан шығарып салды.