
Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабеков
Бүгінде облыста ұлы майданды көрген көзі тірі екі ақсақал ғана қалды. Әйтсе де бұл топырақтан мыңнан аса сарбаз аттанған еді. Олардың жартысына жуығы ғана елге оралған. Солардың өнегелі жолын қазір ұрпақтары жаңғыртып отыр. Мәселен, салтанатты жиынға келген батырдың немересі Айжан Нұрмағамбетова атасының жүріп өткен жолын баяндап, көпшіліктің көңілін толқытты.
«Біздің атамыз бүкіл саналы ғұмырын әскери салаға арнады. Бұл – жас ұрпақ жалғастыруға тұратын, жалғастыруға тиіс өнегелі жол. Ол үшін «парыз», «міндет» деген сөздердің маңызы ерекше еді. Сондықтан болар, оның жалғыз ұлы алғашқылардың бірі болып Чернобыль апатының зардабын жоюға аттанды. Қазір еліміздің барлық қаласында Сағадат Нұрмағанбетовтің есімімен аталатын көшелер бар», деді ол.
Көше атауын беру туралы бастаманы Талдықорған қалалық Қарулы күштер ардагерлер кеңесінің өкілдері көтерген болатын. Бұл бастама тиісті ономастикалық комиссия тарапынан қолдау тапты. Атап өтсек, облыс орталығының «Шығыс» шағын ауданында орналасқан, бұрын атауы болмаған көшенің ұзындығы – 1,7 шақырым. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Талдықорғанда Халық қаһарманы атағына ие адамға беріліп отырған алғашқы көше саналады.
«Іс-шара – соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, бейбіт өмір сыйлаған барша аға буынға халықтың көрсеткен үлкен құрметі деп білемін. Сағадат Қожахметұлы – ержүрек жауынгер ғана емес, Қазақстан Қарулы күштерінің тізгінін ұстаған мемлекет қайраткері. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында армияның негізін қалауға бар күш-жігерін жұмсап, өлшеусіз үлес қосты. Осындай біртуар тұлғаның әскери мұрасын зерделеу, өнегелі өмірін ұрпаққа насихаттау – біздің ортақ парызымыз», деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Жетісу облысы