
Фото: Depositphotos.com
«Қазір мектептерде, колледждер мен оқу орындарында әртүрлі кездесу мен ашық есік күндері өтіп, дәрігерлер қарап, лекциялар өтіп, жасөспірімдермен, олардың ата-анасымен, мұғалімдермен сөйлесіп жатырмыз. Бұл құлақтандыру жұмысы ғана емес, денсаулыққа жауапты қарауға шақырып, осыған қоғамның назарын аудармақпыз», дейді Айгүл Шалбаева.
Эксперттер мұндай іс-шараны өткізудің пайдасы көп екеніне тоқталды. Зерттеулерге жүгінсек, АИТВ туралы жасөспірімдердің 9 пайызы ғана толық білсе, әркімнің айтқанына сеніп, адасып жүрген 60 пайызы одан қалай сақтанып, жүктіліктен қалай қорғану керектігін мүлдем білмейді.
«Біз осыны ашық айтып, қоғамның көзін ашқымыз келеді. Бұл жұмысқа мамандарды, дәрігерлерді, жүргізушілерді, еріктілерді, БАҚ өкілдері мен ата-аналарды да тартып жатырмыз. Чат-боттар, цифрлық ресурстар арқылы, халықпен бетпе-бет кездесіп, БАҚ арқылы да осыны жан-жақты түсіндіруді қолға алдық», деді депутат.
Жастар денсаулығы орталықтарында ашық іс-шаралар, лекциялар өтіп, жасөспірімдермен әңгімелесіп, оларға осы жүктілік жасы, психикалық көңіл-күйі туралы жан-жақты ақпарат беріледі.
Бүгінде қалада терапевт, гинеколог, уролог, дерматолог, әлеуметтік қызметкер, заңгер сияқты 128 маманы бар осындай 14 орталық жұмыс істеп жатыр.
«Орталықтар «4-Д» негіздемесімен жұмыс істейді. Яғни, барынша ашық болып, бір-біріне деген сенім қалыптасады. Бұл – МӘМС аясында тегін қызмет көрсету, сыр ақтарып, жастарды мазалаған мәселе туралы ой бөлісіп, сұқбаттасу деген сөз», дейді, Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасының ЖДО-ны дамыту жөніндегі үйлестірушісі Дина Құсайынова.
Жастар денсаулығы орталығында мынадай қызмет көрсетіледі:
- Контрацепция, отбасын жоспарлау, АИТВ, ЖЖЖИ туралы кеңес береді;
- Жұқпалы ауруды анықтап, оны емдеуді;
- Зорлыққа ұшырағандарға қолдау көрсетуді;
- Адамның көңі-күйіне қарай кеңес беріп, әлеуметтік бейімдеуді;
- Заңгердің көмегі;
- Аурудың алдын алу, лекциялар мен тренингтер өткізу, оның ішінде СӨС байланысты мәселелер де бар.
Жастар денсаулығы орталығында арт-терапияның, өзіне қол жұмсауға бейім тұратын адамдарға қол ұшын беретіндердің, жүктілерге тренинг жасайтындар мен көпшілікке кеңес беретін психологтардың орны ерекше.
«Орталықта бұдан бөлек 4-ші буындағы жаңа тест-жолақпен АИТВ-ға да тест тапсырады. Тестілеу үш кезеңнен тұрады. Олар – басында, іс-шарадан кейін, сосын СПИД орталығына жібергенде», дейді Дина Құсайынова.
Жастар жағы нақты бір емханаға бекітілмей-ақ, орталыққа келіп қарала берсе болады. Бәрін құпия ұстағысы келгендердің жеке басы туралы мәліметтер еш жерде жарияланбайды.