Аймақтар • Бүгін, 12:15

Қарағандыда ветеринарларға жаңа көлік берілді

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының аудандық ветеринарлық станциялары 66 жаңа көліктің кілтін алды. Өңірде автопарктің мұндай ауқымды жаңартылуы алғаш рет орын алып отыр. Бұл ветеринарлық қызмет мамандарына өз жұмыстарын тиімді атқаруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда ветеринарларға жаңа көлік берілді

Машиналар жеті аудандық станция мен Қарағанды, Балқаш қалалары арасында таратылды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі ветеринарлық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мен мамандарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін біз сіздерге жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыс етіп отырмыз. Бұл сіздерге күнделікті жұмыста қажет техника, сондықтан сіздер шақыруларға тезірек шығып, қажет жерлерде көмек көрсете аласыздар»,  деді облыс әкімі.

Абай аудандық ветеринарлық станциясының басшысы Азамат Саменбаев көліктердің берілуін көптен күткендерін, аудан аумағы 15 округтен тұратындықтан сапарлар күн сайын жүргізілетінін,  жаңа көлік – әсіресе профилактикалық іс-шаралар кезеңінде жақсы қолдау болатынын атап өтті. 

Автопаркті жаңарту облыстың ветеринария саласын дамыту жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды.

– Аудандық стансаларды қолдау – басымдықтардың бірі. Машиналар профилактикалық және шұғыл ветеринарлық іс-шараларда пайдалану үшін ауылдық аудандар мен қалаларға жіберіледі. бұл саладағы жұмыстың тиімділігін арттыратыны сөзсіз. Олар биологиялық материалдардан сынама алу үшін елді мекендерге барып, зертханаға жеткізеді, сондай-ақ, машиналар малды вакциналау кезінде жедел қызметтердің жұмысына көмектеседі, – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Амандық Жәкетаев.

Қарағанды облысы