Қазақстан • Кеше

Айбынды армия – тәуелсіздігіміздің берік қорғаны

40 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

7 мамыр – Отан қорғаушы күні Астанада Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. 2017 жылдан кейін араға 8 жыл салып қайта оралған айбынды шеру бір жағынан майдангерлер мен тыл ардагерлеріне тағзым ретінде, екінші жағынан бүгінгі әскеріміздің күш-қуатын паш ету мақсатында ұйымдастырылды.

Айбынды армия – тәуелсіздігіміздің берік қорғаны

Суреттерді түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Елордамыздың бас алаңында, айбыны асқақ, сәулеті көркем, тұғыры биік «Қазақ елі» монументінің алдында өткен іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам құрметті қонақ ретінде қатысты. Сонымен қатар соғыс және тыл ардагерлері, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, еліміздің әр аймағынан келген делегаттар, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың жас сарбаздары, қала тұрғындары – жалпы саны 5 мыңнан аса адам жиналды.

т

Айрықша атап кетер жайт, қонақтардың арасында сұрапыл соғысқа қатысқан, бүгінде әрқайсысы кемінде ғасыр жасаған ардагерлер де болды. Олар – астаналық Ырзағұл Байкешев, Алматыдан келген Владимир Белозёров, Қосшы қаласынан Нұрқасым Әжітаев, қостанайлық Қасымхан Алдабергенов, өскемендік Құрмат Рахимов пен Қарағанды қаласынан келген Григорий Степенко. Сонымен қатар жиынға Халық қаһармандары Мұхтар Алтынбаев, Сәт Тоқпақбаев, Бақытжан Ертаев, Қайрат Үмбетов, Азамат Жұмаділов, әйгілі ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов, батырлардың ұрпақтары – Сағадат Нұрмағамбетовтің қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова қатысты.

л

Шерудің басында әдеттегіше Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов алаңға жиналған әскери қызметшілерді Отан қорғаушы күнімен құттықтаған соң, Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери құрылымдар парадқа дайын екенін баяндады.

Көпшілік алдында сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күні – халқымыздың жауын­герлік рухының символы екенін, бұл соғыс адам­зат үшін өте қиын сынақ болып, көптеген елге, соның ішінде Қазақ еліне де ауыр тигенін айтты.

– Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақи­қат­­ты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір орта­мызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша ха­­лықтың атынан сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз! Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты, – деді ол.

Мемлекет басшысы біздің елімізден майданға 1 миллион 200 мыңнан аса адам аттанып, олар­дың тең жартысы ерлікпен қаза тауып, келер ұрпақ­тың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірін құрбандыққа шалғанын атап өтті.

л

– Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгі­сін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті. 500-ден аса жауынгеріміз Кеңес Одағының батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһарманымыз өшпес із қалдырды, – деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ ол тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытқанына да арнайы тоқталды. Елімізден майданға 1,5 мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілгенін, жүз­деген кәсіпорын біздің елге көшіріліп, көп­теген жаңа өндіріс салынғанын, олар өте қысқа мерзім ішінде майданға қажет өнімдер шығара бастағанын баяндады. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындап, әскери киім тіккенін, соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғанын, ер­жүрек ба­тырларымызды жадымызда мәңгі сақ­тау, олар­­дың ерлігі мен еңбегін жас ұрпақ біліп өсуі маңызды екенін айтты.

– Біз Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аудардық, еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді. Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегіқұрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды. Ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев соғыстың тарихи ақиқатын, Жеңістің мән-мағы­на­сын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайтынын еске салды. Оның айтуынша, қазіргі құбылмалы заманда еліміз үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр.

п

– Қазақ халқы – бейбіт халық. «Жаным – арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел. Жұр­тымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр. Айбынды армия – тәуелсіздігіміздің қорғаны. Сарбаздарымыз елдің бейбіт өмірін, тұтастығы мен тыныштығын қорғауда. Қарулы күштеріміз әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Жауынгерлеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысуда. Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армия­сына деген зор сенім. Еліміздің қорғаныс қабі­летін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы күш­тері­мізді жаңғырта бастадық, армиямызды кү­шей­ту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қ­абыл­дады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнау­лы ме­кемелер мен азаматтық қорғаныс сала­сы­ның қыз­меткерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді, – деді ол.

Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты екеніне тоқталған Президент әскери қызметшілердің мінсіз қызметінсіз елде қауіпсіздік пен тыныштық болмайтынын, озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қойып, әр азаматтың бо­йында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс екенін жеткізді.

– Ел қорғау – абыройлы міндет және зор жауап­кершілік. Бұл – әр азаматтың перзенттік па­рызы. Сіздермен бірге барша азаматымыз Әді­летті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құрып жатыр. Осы тарихи жұмысымыз табысты бол­­сын! Рухымыз мықты, мемлекеттілігіміз мәңгі болсын! Көк Туымыз биікте желбіресін! – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің жалынды сөзінен кейін көпшілік тағатсыздана күткен әскери парад басталды. Бұған дейін хабарланғандай, шеруге Қарулы күштері құрамында және басқа да құрылымдарда қызмет ететін 4 мыңнан аса адам, 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшағы қатысты.

р

Қарулы Күштер Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев­тың басқаруымен өткен шеруде ең алдымен Мемлекеттік күзет қызметінің тобы Мемлекеттік ту мен Жеңіс туын алаңға алып шықты. Айта кетсек, бұл ту – осыдан 80 жыл бұрын әйгілі отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстаг ғимаратына алғашқы болып тіккен тудың ресми көшірмесі. Оның бетінде «2-дәрежелі Кутузов орденінің иегері 150-атқыштар дивизиясы» деген сөздер бар. Бұл дивизия соғыс басталғанда Қостанайда жасақталып, майданға аттанған 151-бригаданың негізінде құрылған.

л

Әскери парад әдеттегідей ең алдымен тарихи бөлімнен басталды. Алаңға «Шпагин» және «Максим» пулеметтерін сүйреткен сарбаздар көшті бастап шығып, олардың артынан қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлованың ерліктерін еске салатын әскери сап бой көрсетті. Сонымен қатар Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы офицерлерінің, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының, Әскери-теңіз күштерінің, Арнайы операциялар күштерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Теңіз жаяу әскерінің, Қарулы Күштер Әскери полициясының, Ұлттық бітімгерлік ротасының, әскердегі жауынгер арулардың, Аумақтық қор­ғаныс бригадаларының, Ұлттық қорғаныс университеті офицерлерінің, Құрлық әскерлері Әскери институтының, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы әскери институтының, Радиоэлек­тро­ника және байланыс әскери-инже­нер­лік институтының, Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледждің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара Академиясының, Ұлттық ұланының арнайы мақ­саттағы «Бүркіт» ротасының, Ішкі істер ми­нистрлігі Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы­ның, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Мем­ле­кет­­тік күзет қызметі ротасының парадтық топтары алаңнан жүріп өтті.

ро

Жаяу әскерлер шеруінен соң әскери техникалар легіне кезек берілді. Әдеттегідей оны соғыс кезінде ең көп өндірілген және фашистердің зәре-құтын қашырған әйгілі Т-34 танкісі бастап шықты. Лектің тарихи бөлігінде «ЗИС-2» зеңбірек­тері мен «М-30» гаубицалары, «М-30» шын­жыр табан тіркелген «ЗиЛ-157» көліктері, ха­лық арасында «Катюша» атанып кеткен әйгілі «БМ-13» реактивті құрылғысы көпшілік алдынан өтті.

о

Заманауи бөлігінде қазіргі Қарулы күште­рі­мізде тыныштық күзетінде тұрған «Арлан» брондалған машиналары, Т-72 танкі, БТР-82А бронды транспор­тері, 122 мм Д-30 гаубицалары, 8-де 8 дөңгелекті КамАЗ жол талғамайтын автомобильдеріне тіркелген 152 мм-лік «Мста-Б» гаубицалары, «Гиацинт» пушка-гау­бицасы, «Акация» артиллериялық қондырғылары, өздігінен жүретін «Тюльпан» минаатқышы, 122 мм-лік «Прима» дүркіндете оқ ату реактивті жүйе­лерінің жауынгерлік машиналары, «Ураган» дүр­кін­детіп ататын жүйелері, 300 мм-лік «Смерч» жауынгенлік машинасы, «Штурм-С» танкіге қарсы зымыран кешені, «Стрела-10» зениттік-зымыран кешенінің батареясы, С-300 ПС көпканалды зенитті-зымырандық кешені, «Бук-М2Э» зениттік зымыран кешені, «Тор-М2К» зениттік зымыран кешені, «Айбар» брондалған дөңгелекті машиналары, БЛ-790 және РИБ-7 катерлері, роботпен басқарылатын экипажсыз «Самғау» катері, «Багги» тау-тас, өзен-көлдерді оңай кесіп өте беретін жеңіл көліктері, әскери квадроциклдер, «Барыс» заманауи жауынгерлік машиналары, «Жасылтас» радиоэлектрондық тежеу кешені, роботтехникалық кешені бар арнайы минадан тазарту машинасы, КамАЗ автомобиль шассиіне орнатылған понтон-көпір паркінің жаңартылған жиынтығы, брондалған «Таймас 8-де 8» көлігі, «Шағала-М» ұшқышсыз авиациялық жүйесі, өзге де заманауи әскери техникалар сап түзеді. Соны­мен қатар салтанатты колоннаға отандық өн­дірістің «Алан-2» брондалған машиналары да алғаш рет қатысты.

о

Бұдан соң әскери парадтың әуедегі бөлігін Ми-171 тікұшақтары ашып, оның артынан Ми-35 және Ми-17 тікұшақтары, Ми-35М көп мақсатты соққы беретін тікұшақтар, әлемдік авиация тарихындағы ең көп тараған және ең мықты техника саналатын Ми-8 тікұшақтары, Си-295 әскери-көлік ұшағы мен Л-410 жеңіл ұшақтары, «Би-300» ұшақтары, Ту-154 ұшағы, А-400 ұшағы, Су-30СМ жойғыш ұшақтары, Су-25 штурмовик-ұшағы, басқа да әуе кемелері ұшып өтті.

о

Ең соңында парад көрермендеріне көзайым ретінде Су-25 ұшақтарының тобы еліміз­дің бас­ты алаңының аспанына еліміздің Мемле­кет­тік туын салып шықты. Жиылған жұрт әскери ұш­қыш­тардың жоғары кәсібилігі мен шеберлігіне тәнті болды. Салтанатты шеруді Қарулы күштердің жиынтық әскери оркестрі, Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі және Ұлттық ұланның Орталық әскери оркестрі бірлесіп «Егемен Қазақстан» әнімен аяқтады. 

 

п

Құрмат РАХИМОВ,

соғыс ардагері:

– Мен Өскемен қаласынан арнайы келіп, осы парадқа қатысып отырмын. Барлығы ұнады. Өзім 1942 жылы майданға аттанып, Невель қаласынан Кенигсбергке дейін барып, Беларусь, Литва және шығыс Пруссия аумақтарын азат етуге қатыстым. Жеңісті де сол жерде қарсы алдым.

Елге келген соң, алдымен шекарада, кейін ұзақ жыл ішкі істер саласында еңбек еттім. 1965 жылы облыстық ІІБ бастығының орынбасары болып қызмет атқардым. 1981 жылдан бері құрметті демалыстамын.

Биыл 17 маусымда 101 жасқа толамын. Мені бүгінгі үлкен іс-шараға шақырып, арнайы қатыстырып жатқаны үшін Президентке, осы салаға жауапты адамдарға рахмет айтамын. Еліміз аман болсын!

 

а

Заужат ТӘЛІПОВ,

тыл ардагері:

– Мен 1930 жылы қазіргі Түркістан облысының Қазығұрт ауданында туғанмын. Ол кезде Қаратас ауданы деп аталатын. «Қызыл ту» ұжымшарында бас­тауыш мектепті бітірген жылы соғыс басталып кетті. Сол кезде 11 жастағы бала едім. Содан да балалық шағым соғыс кезінде үлкендермен бірге жұмыс істеумен өтті. Оқу дегенің жайы­на қалды. Ауылдағы ересек адамның көбі кемпір-шалдар еді, солар не істесе, мен де күн-түн демей еңбек еттім. Қой да бақтым, бидай да тасыдым, оны түнімен бастырдым, істемеген жұмысымыз қалған жоқ.

Бізде балалық шақ деген болмады. Қазіргі балалардай доп теуіп, ойнап-күлмедік. Бар күніміз еңбекпен өтсе де, соған бір тиын еңбекақы да алған емеспіз. «Майдан үшін», «Жеңіс үшін» деп тер төктік. Қарнымыз да дұрыстап тойған емес. Жұмыс істеп жатқан жерімізде ұйықтай салып, таңертең қайта тұрып кете беретін едік. Сондағы демалатын уақытымыз – 2-3 сағат қана.

Соғыстан кейін үкімет біздің еңбегімізді бағалап, 1946 жылы қазір кеудеме тағып тұрған «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. 1947 жылдан бастап оқуды қайтадан жалғастырдым.

Біздің тілегіміз – елімізде, әлемде әрқашан бейбітшілік болып, сұм соғысты ешкім көрмесін. Отанымызда тек татулық пен тұрақтылық орнап, ұрпағымыз бақытты күн кешсін!

 

п

Григорий СТЕПЕНКО,

соғыс ардагері:

– Мен 1925 жылы Ресейдің Воронеж облысында дүниеге келіп, кейін Павлодар облысына қоныс аудардым. Қазір жасым – 100-де. 1942 жылы 17 жасымда соғысқа ешқандай әскери дайындықсыз аттандым. Алғашқы ұрысым Харьков түбінде болды. «Шабуыл!» деген бұйрық берілгенде жүрегім су ете түсті. Бірақ сол «Ура!» деген ұранмен орнымыздан атып тұрып, алға ұмтылдық. Оқ жаңбырдай жауды, бірақ біз тоқтаған жоқпыз. Бір кезде алға ұмтылған командирім мені жерге итеріп, «Сақ бол, қайда барасың?» деп айқайлады. Сөйтсем, орнымыздан тұрмастан, жер ба­уырлап жүру керек екен. Мені өмірге қайта әкелген – сол батыр командирім Данилов. Ол болмағанда, оққа ұшуым мүмкін еді.

Бұл соғыста көп нәрсені бастан өткердік: жарақат та, қасірет те, ерлік те, достардан айырылу да болды. Бірақ соның бәрі бір ғана мақсат үшін – Жеңіс үшін еді. Қанмен, термен келген сол Жеңісті ұрпағымыз бағалап, бейбіт өмірдің қадіріне жете білсе екен деймін.

 

е

Кеңесбек ТАНА,

тыл ардагері:

– Мен 1934 жылы қазіргі Абай облысының Қарауыл елді меке­нінде туып өскенмін. Бұрын «Сарығұл» ұжымшары деп аталатын. Қазір жасым – 91-де. 1941 жы­лы фашистер елімізге шабуылды бас­таған уақытта 6 жаста едім. Бі­рақ соған қарамай ауылда бұзау бағып, еңбек еттім.

Мектеп бітірген соң, Ресейдің Астрахань қаласында әскери борышымды өтедім. Сол кезде кемемен Еділ өзенін бойлап, «Волга-Дон» су арнасына дейін бардық. Ол уақытта Волгоград қаласы әлі Сталинград деп аталатын. Біз шайқас болған жерлерге табан тіреп, арнайы құрылғымен оқ-дәрілерді, жарылмай қалған миналарды іздеуге қатыстық. Алдымызда мина іздеушілер жер астында жасырылған жарылғыш заттарды табады, сосын біз оны бір жерге жинаймыз, артымыздан көліктер келіп тиеп алып кетіп жатты. Осылайша, соғыстың соңғы зардабын жоюға атсалыстық.

Қазір заман жақсарып, бейбітшілік орнады. Бүгінгі жас­тар осы уақыттың қадірін ұғынуға тиіс. Оқу оқып, жұмыс істеп, елге пайдасын тигізгені дұрыс. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше