
Бұл мейрам – халқымыздың рухын жаңғыртып, елдік тарихымыздың мәңгілік парағына алтын әріппен жазылған күн. Қазақ халқы бұл жеңіске ерекше ерлігімен, маңдай терімен, жанқияр еңбегімен өз үлесін қосты. Бұл соғыс ұлттың жігері мен рухын сынға салған күрделі кезең болды. Сол жылдары әр қазақтың шаңырағына соғыс сызаты түсті. Бірі майдан даласында оққа кеудесін тосса, екіншісі тылда тынымсыз еңбек етіп жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қосты. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін ел болашағы үшін аянбай тер төгіп, нәтижесінде жеңіс туы желбіреп, бейбіт өмірдің таңы атты. Отан күзетінде тұрған, тыныштық пен тәртіп сақшысы болып жүрген «Ұлттық ұлан» сарбаздары – сол майдангер ата-әжелердің ісін жалғастырып жүрген бүгінгі батырлар.
«Бүгінде бейбіт күннің әр таңы – сол боздақтардың жанқиярлығы мен жанпида ерлігінің жемісі. Жеңіс жолында қан кешкен ата-бабамыздың ерлігі – бүгінгі ұрпақтың рухани темірқазығына айналып отыр. Әрине, жылдар өткен сайын майдангерлер қатары азайып келеді. Алайда олардың ерлігі мен еңбегі – ел жадында, өнегесі – ұрпақ санасында мәңгі сақталатынына сенемін» деді генерал-майор Бекайдар Қазкеев.