Қоғам • Бүгін, 15:00

Кеден саласы цифрланып келеді

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті кеден саласын жаңғырту аясында «Keden» ақпараттық жүйесін кезең-кезеңмен енгізуді жалғастырып жатыр. Бұл жүйе «Ашық және басқарылатын кеден» тұжырымдамасы аясында қолданыстағы «АСТАНА-1» және «Экспорт-импорт операциялары жөніндегі бірыңғай терезе» платформаларын алмастыруға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кеден саласы цифрланып келеді

Фото: Қаржы министрлігі баспасөз қызметі

«Keden» – кеден органдары мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасында толық цифрлық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, заманауи талаптарға жауап беретін шешім. Ол әкімшілік кедергілерді азайтып, рәсімдердің ашықтығын күшейтеді және тауар қозғалысын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

Цифрлық экожүйе қағаз құжат айналымын қысқарту үшін мемлекеттік және коммерциялық 30-дан астам ақпараттық жүйемен интеграцияланды. Бұл мәліметтерді автоматты түрде алу арқылы рәсімдеу барысын едәуір оңайлатады.

Жүйені енгізудің негізгі кезеңдері төмендегідей:

  • 2024 жылғы сәуір — экспресс-жүктерді электронды кедендік декларациялау;

  • 2024 жылғы қыркүйек — жеке тұтынуға арналған тауарларды есепке алу модулі (Қорғас ХШЫО);

  • 2024 жылғы қараша — алдын ала операциялар, транзиттік декларация, уақытша сақтау, тәуекелдерді басқару жүйесі, төлемдерді қамтамасыз ету, резидент еместерді тіркеу және тексеру процестерінің модульдері;

  • 2025 жылғы қаңтар–сәуір — көлік құралдарына арналған декларациялар, 9 мемлекеттік қызмет, халықаралық пошта жөнелтілімдерін рәсімдеу;

  • 2025 жылғы 22 сәуір — жолаушылардың кеден декларациясын рәсімдеу модулі іске қосылды.

Бүгінгі күнге дейін нәтиже көрсеткіштері  айтарлықтай бар. «Keden» жүйесі арқылы 837 мыңнан астам алдын ала ақпарат тіркелген. Сонымен қатар 539 мың транзиттік декларация рәсімделіп, 87 мың тауар сақтау құжаты жасалған. Кедендік төлемдерді қамтамасыз ету үшін 28 мыңнан астам арнайы сертификат тіркелген. Бұдан бөлек, 119 мың көлік құралына кедендік декларация шығарылып, 1 миллионнан астам халықаралық пошта жөнелтілімі ресімделді. Ал жолаушылар тарапынан 53 мыңнан астам кедендік декларация берілген. Бұл көрсеткіштер жүйенің тиімділігі мен қолданыстағы функционалының кең ауқымын көрсетеді.

Сонымен қатар алдағы кезеңде жүйені одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. 2025 жылдың соңына дейін Keden платформасы кедендік рәсімдердің барлық кезеңін цифрлы форматта басқаруға мүмкіндік беретін толыққанды жүйеге айналмақ. Атап айтқанда, жүйе кеден декларацияларын алдын ала толтыру, олардың мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылау, рәсімдер барысында туындайтын кемшіліктерді автоматты түрде тіркеу және өңдеу функцияларымен толықтырылады. Сондай-ақ, пайдаланушыларға бағытталған автотолтыру, нақты кеңестер және форматтық-логикалық бақылау сияқты қолайлы интерфейс элементтері де іске қосылады. Бұл жаңашылдықтар бизнеске жүктемені азайтып, кедендік рәсімдеуді айтарлықтай жеңілдетеді деп күтіліп отыр.