
Фото: Ашық дереккөз
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығындағы бұл табыстар мемлекеттік қолдаудың күшеюі мен өңірдегі мал шаруашылығы фермаларының көбеюімен байланысты. Қазіргі таңда облыста 426 мыңнан астам ірі қара, 264 мыңға жуық жылқы және 10 миллионға жуық құс тіркелген. Жыл басынан бері 25 мың тонна ет, 33 мың тонна сүт өңделіп, айран, сары май сынды өнімдердің көлемі артты. Жалпы, азық-түлік өнімдерінің өндірісі 13,7 пайызға көбейген.
Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында өңірде жалпы құны 46,5 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар сүт фермаларын, ет өңдеу зауыттарын, астық пен көкөніс сақтайтын қоймаларды, сондай-ақ суару жүйелерін салуды қамтиды.
«2025 жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық та жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 5,2 млн гектар алқапқа себіледі. Негізгі басымдық – майлы дақылдарға берілмек. Олардың пайдасы дәнді дақылдарға қарағанда анағұрлым жоғары болғандықтан, биыл егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 161 мың гектарға артты. Қазіргі таңда 540 мың тонна тұқымның бәрі тексеріліп, сапалы деп танылды. Дайындық аясында 37 мыңнан астам техника жөнделіп, жұмысқа сақадай сай тұр. Мемлекеттен нарықтағы бағадан төмен бағада 82,9 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді», делінген хабарламада.
Өңірде сүт өндірісін дамытуға баса назар аударылған. Өткен жылы 5 заманауи сүт-тауар фермасы іске қосылып, 5,4 мың басқа арналған жаңа кешендер салынған. 2025 жылы Атбасар, Зеренді, Бурабай аудандарында тағы 5 ферма ашу жоспарланған. Бұл облыс бойынша сүт өндірісін 70 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақмола облысы экспорт әлеуетін де арттырып отыр. 2024 жылы өңірден Қытай, Иран, Италия, Латвия, Өзбекстан секілді елдерге 2,5 миллион тоннадан астам астық экспортталған. Жақында Эстониядағы Muuga портымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл қадам Ақмола өнімдерін Еуропа нарығына шығарудың жаңа жолдарын ашады. Сонымен бірге ет, сүт өнімдері, май, жұмыртқа мен тіпті тірі мал да шетелге жөнелтіліп жатыр.
«Фермерлер мемлекеттен жеңілдетілген несиелер, субсидиялар, техника және тыңайтқыштар алып отыр. Мысалы, тек минералды тыңайтқыштар үшін 12 млрд теңге бөлінсе, ауыл шаруашылығын қаржыландырудың жалпы көлемі 700 млрд теңгеге жетті. Алайда енді мемлекеттік қолдауды алу үшін шаруашылықтар өндірістің нақты өсімін көрсетуі тиіс. Нәтиже болмайынша, көмек тоқтатылуы мүмкін.Қазіргі таңда облыста 67 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 16-сы – ет, 15-і – сүт, 28-і – ұн өнімдерін өңдеумен айналысады. Сүтті өңдеу деңгейі 87 пайызға, ал ет- 78 пайызға жетті. Бұл – азық-түлік өнімдерінің өңірде өндіріліп, қайта өңделу арқылы өңірлік экономиканың тұрақтылығына үлес қосып отырғанын білдіреді», делінген хабарламада.
Ақмола облысы ауыл шаруашылығын дамыту, өнім өндіру мен қайта өңдеуді күшейту арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отыр.