Фотогалерея • Кеше

Жеңіс күніне арналған әскери парадта қандай әуе техникасы көрсетілді

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астананың басты алаңының үстінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад шеңберінде ондаған ұшу аппараты әуеге көтерілді. Парадты ҚР Мемлекеттік туы мен Қарулы күштердің жалауын алып ұшқан Ми-171 тікұшағының салтанатты ұшуы ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жеңіс күніне арналған әскери парадта қандай әуе техникасы көрсетілді

Фото: Ақорда

Көрермендер әлемдегі ең кең таралған көп мақсатты тікұшақтардың бірі – Ми-17-ні тамашалады. Бұл техника құрлық әскерлерінің мобильділігін арттыруға, жеке құрам мен қару-жарақты жеткізуге, сондай-ақ қиын жағдайларда – таулы аймақтар мен жоғары температурада әскери тапсырмаларды орындауға қолданылады.

1

Сондай-ақ Ми-35М соғыс тікұшақтары да парадқа қатысты. Олар құрлық әскерлеріне ұрыс алаңында қолдау көрсетуге арналған және қарсылас техникалары мен тірі күшін жоюда қолданылады.

2

Ми-8 және Ми-171 армиялық тікұшақтары да көрсетілді. Олар десант түсіру, оқ-дәрі мен жүк тасымалдау, жаралыларды эвакуациялау және қарсылас ошақтарын жоюға арналған.

3

Төтенше жағдайлар министрлігі атынан ЕС-145 және Н-145 тікұшақтары қатысты. Бұл әуе техникалары апат салдарын жою, іздестіру-құтқару операциялары, өрт сөндіру және медициналық эвакуация кезінде қолданылады.

4

Әскери-көліктік авиация С-295 ұшағын көрсетті. Ол 9 тоннаға дейін жүк немесе 70 әскери қызметкерді тасымалдай алады және 5000 шақырымға дейін ұшуға қабілетті. Ұшақ заманауи навигациялық және диагностика жүйелерімен жабдықталған.

5

L-410 жеңіл көп мақсатты ұшағы да көрсетілді. Ол дайындалмаған әуежайларда жұмыс істей алады және 19 жолаушы немесе 1800 кг жүк тасымалдай алады.

6

Курсанттарды кез келген ауа райында дайындауға арналған L-39 оқу-жауынгерлік ұшағы да парадқа қатысты. Бұл ұшақ ұшу, барлау және нысаналарға соққы жасау дағдыларын үйретуге көмектеседі.

Сондай-ақ парадта Қорғаныс министрлігінің әуедегі командалық пункті – Ту-154 ұшағы көрсетілді. Ол 180 әскери қызметкерді 5000 шақырымға дейін тасымалдай алады және жүк ұшағы ретінде де қолданылады.

Көпшіліктің назарын алғаш рет парадқа қатысқан A-400M ұшағы аударды. Бұл төрт қозғалтқышты заманауи турбовинтті көлік ұшағы 2024 жылдың соңында Әуе қорғаныс күштерінің қаруына енген. Ол әскери тасымалдан бастап гуманитарлық миссиялар мен медициналық эвакуацияға дейінгі түрлі тапсырмаларды орындай алады.

7

Су-30СМ жойғыштары аспанды Қазақстанның Мемлекеттік туының түсіне боялған түтін жолақтарымен көмкеріп, әсерлі көрініс жасады. Бұл ауыр фронттық жойғыш кез келген ауа райында, күндіз-түні жау нысандарын дәл жоюға қабілетті.

Парадты «ұшатын танк» атанған Су-25 шабуылдаушы ұшақтарының ұшуы қорытындылады. Олар әскерге әуеден қолдау көрсетіп, кез келген жағдайда — тікелей көрінетін нысандарды жою қабілетімен ерекшеленеді.

Жалпы парадқа 66 бірлік авиациялық техника қатысты.