Экономика • Кеше

Биыл 10 мың бизнес бастамаға қолдау көрсетіледі

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі елдегі кәсіпкерлікті қолдау және қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы екі жаңа қаржылық қолдау құралын енгізді. Бұл тетіктер кепілсіз немесе кепілі жеткіліксіз компанияларға, оның ішінде шағын, орта және ірі бизнеске жеңілдікпен қаржы алуға жол ашады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 10 мың бизнес бастамаға қолдау көрсетіледі

Фото: Ашық дереккөз

Министрліктің мәліметінше, жаңа қолдау тетіктерінің біріншісі – құны 7 миллиард теңгеден асатын ірі жобаларға арналған. Бұл құрал арқылы өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және экспорт сынды экономиканың маңызды салаларындағы жобалар қаржыландырылады. Мемлекет банктер үшін тәуекелді азайту мақсатында несиеге кепілдік береді. Соның арқасында бизнес өкілдері қаржыны оңай алып, жобаларын жүзеге асыра алады.

Екінші тетік шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған. Құны 7 миллиард теңгеге дейінгі жобаларды қамтиды. Кәсіпкерлер кепілдіксіз қаржыландыру мүмкіндігіне ие. Қазіргі уақытта бес банкпен келісім жасалған: Банк ЦентрКредит, Halyk Bank, Freedom Bank, Fortebank және Bank RBK. Тағы екі банкпен келіссөздер жүргізілуде. Серіктес банктер тізімі алдағы уақытта кеңейтіледі.

«Бағдарламаның алғашқы нәтижесі де белгілі. Жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеге 34 жоба қолдау тапқан. Кепілдік беру рәсімі жеңілдетіліп, екі жұмыс күні ішінде орындалады. Мұны алушы – өндіріс, көлік, білім беру секілді түрлі сала өкілі. 2025 жылдың соңына дейін 10 мың жоба қолдау таппақ. 2028 жылға қарай кепілдік портфелінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткізіледі. Осылайша, жыл сайын бизнестің 50 мыңнан астам бастамасына қолдау көрсетіледі», деп хабарлады  министрліктің баспасөз қызметі.

«Даму» қорының бүгінгі таңдағы серіктестері қатарында Банк ЦентрКредит, Halyk Bank, Freedom Bank, Fortebank, Bank RBK, Bereke Bank және Қазақстан–Зираат Интернешнл Банк бар. Қор тарапынан кәсіпкер алған несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беріледі. Бұл банктер үшін де, кәсіпкерлер үшін де несие рәсімін қолжетімді әрі тиімді етеді.

Хабарланғандай, ұсынылған жаңа қаржы құралдары банктердің тәуекелін азайтып, қаржылық инфрақұрылымды дамытуға жол ашады. Бұл өз кезегінде отандық бизнестің өсу әлеуетін арттырып, экономикалық дамуға серпін береді.

Айта кетейік, жаңа бастамалар экономикалық өсімді жеделдету шаралары аясында жүзеге асырылып отыр. Бұған дейін 2025 жылы «Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталын 1 триллион теңгеге ұлғайту жоспарланғаны хабарланған болатын. Бұл қадам 8 триллион теңгеге дейінгі инвестицияны жаңа жобаларды іске қосуға, өндірістік қуатты арттыруға және жоғары өнімді жұмыс орындарын құруға бағыттауға мүмкіндік береді.