Президент • Кеше

Мемлекет басшысы армия қуаты темірдей тәртіппен нығаятынын айтты

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен салтанатты шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың ерлік дәстүрі мен армияның ел қауіпсіздігін сақтаудағы рөлі туралы мазмұнды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы армия қуаты темірдей тәртіппен нығаятынын айтты

Фото:Ашық дереккөз

Президенттің айтуынша, халқымыздың жауынгерлік дәстүрі ғасырлар бойы жалғасып келеді.

«Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің ел бірлігі мен бейбіт өмірді қорғаудағы маңызын ерекше атап өтті. Бүгінде Қазақстан сарбаздары Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссияларына қатысып, әлемдік тұрақтылыққа өз үлесін қосып келеді.

«Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім», деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту басты міндет екенін айтып, армияны жаңғырту бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

«Парламент тиісті заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге және азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы армия қуаты тек техникалық жабдықпен емес, жауынгерлік рух пен темірдей тәртіппен нығаятынын айтты.

«Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс», деді Тоқаев.

Сөз соңында Мемлекет басшысы барша азаматтарды Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстан құру жолында бірігуге шақырып: «Рухымыз мықты, мемлекеттілігіміз мәңгі болсын! Көк Туымыз биікте желбіресін! Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын!», деп қорытындылады.