Оқиға • Кеше

Шымкентте мерекелік концерт өтті

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай Шымкентегі «Қызғалдақ сарайында» өткен «Егемен елдің қорғаны» атты мерекелік концерт ту көтеру рәсімімен басталды. Еліміздің әнұраны шырқалып, патриоттық әндер орындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте мерекелік концерт өтті

Халықаралық байқаулардың жүлдегері «Қазына» би ансамблі «дала сарбаздары» жауынгерлік биін биледі. Опера және балет театрының солистері туған жер Отан ана туралы ән шырқап кеш мазмұнын аша түсті. Мектеп оқушыларынан құралған хор әлемде соғыс болмасын деген репертуарда ән салып көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Одан бөлек еліміздің эстарадасында өнерімен танымал боп жүрген әртістер де сахна көркін қыздырды. Олардың арасында әнші Әйгерім Қалаубаева мен патриоттық әндерімен танымал «Алашұлы» тобы және «Абырой» ансамблі өнер көрсетті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мерекелік кеште сахна төрінен табылып, әскери, құқық қорғау саласында тер төгіп жүрген бір топ азаматты қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Солардың қатарында Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Сапарғали Байботаев та бар.

«7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын шын жүректен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, өміріміз тыныш болсын. Отбасымыз аман болсын. Қала әкімінің атынан Алғыс хат алып отырмын. Бұл да еңбектің ескерілуі шығар. Сол үшін мерекені ұйымдастарған барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын» деді С.Байботаев.

Марапат иесінің құқық қорғау саласындағы еңбек өтілі жиырма жылдан асқан. Соның үш жылы экономикалық қылмыстарды тергеп-тексеру қызметінде өтіп жатыр. Маманның айтуынша бұл қызметтің міндеті мемлекет қаржысын талан-таражға түсірмеу, оны қадағалау. Экономикалық қылмыстармен күрес сонысымен қиын әрі жауапкершілігі жоғары қызмет боп саналады.

Мерекелік кеште «Қызғалдақ сарайының» кіреберіс залында қару-жарақ көрмесі өтті. Оны ұйымдастырған Арнайы мақсаттағы операция қызметі. Ол 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Президент тапсырмасымен құрылған болатын. Арнайы жасақ жауынгерінің айтуынша көрмеге Израиль, Түркия, Америка Құрама Штаттарының озық үлгідегі әртүрлі калибрдегі атыс қарулары қойылды. Олардың арасында мәселен израильдік GLX гранаметі, түркиялық мр-5 шабуылдаушы пистолет-автоматы, американдық Барет снайпер қаруы, сондай-ақ түнгі-күндізгі дәлдеуші құрал АГОП-пен жабдықталған АК-74 автоматы бар. Айта кету керек арнайы мақсаттағы операция қызметі елдің тыныштығын күзету, лаңкестікпен күрес мақсатында құрылған жасақ тобы.

Қалалық мәдениет тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынованың айтуынша 7 мамыр–Отан қорғаушылар күніндегі іс-шаралар 9 мамыр–Жеңістің 80 жылдығы мерекесі аясында ұйымдастырылған. Сала өкілінің мәлімдеуінше 80 жылдық мейрам қарсаңында Шымкентте көзі тірі 2 ҰОС ардагері мен тыл ардагерлері марапатталды. Сонымен бірге мәдениет басқармасы арнайы концерттік бағдарлама әзірлеп, Астана алаңында мерекелік думанды кеш өткізуді жоспарлап отыр. Концерттік іс-шарада оңтүстіктен түлеп ұшқан еліміздің танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетпек.