Саясат • 07 Мамыр, 2025

Қазақстан – Вьетнам: Стратегиялық серіктестіктің байыпты белесі

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Ақорда» резиденциясында Президент елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысын қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам бір-біріне делегация мүшелерін таныстырған соң, Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Қазақстан – Вьетнам: Стратегиялық серіктестіктің байыпты белесі

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Өркендеу жолындағы ортақ мүдде

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам шағын құрамда келіссөз жүргізді. Президент Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Бас хатшысы­ның елімізге алғашқы сапарына екі ел арасындағы мызғымас достықтың айғағы деп баға берді.

– Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі. Біздің өсіп-өркендеу жолын­дағы мүддеміз – ортақ. Мен екі жыл бұрын Вьетнамға ресми сапармен бардым. Сонда екіжақты ықпалдас­тық­тың жаңа бағыттарын дамытуға уағ­далас­тық. Келесі айда екі ел арасындағы дип­ло­матиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толады. Алдағы уақытта да қос халық­­тың достығы нығая бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Біз ортақ мақсат-мін­дет­­терге жету үшін күш жұмыл­дыруға әр­­дайым дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

щ

Өз кезегінде То Лам қазақ жерінде көрсетілген сый-құрметке алғыс айтып, келіссөздердің нәтижесі екі ел арасындағы қарым-қатынастың көкжиегін кеңейте түсетініне сенім білдірді.

– Сіздің Вьетнамға жасаған сапары­ңыздан кейін екі жыл өткенде біздің делега­цияның еліңізге арнайы келуі мемле­кет­теріміздің ынтымақтастығы қарқын­ды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар өзара сенім деңгейінің жоғары екеніне айқын дәлел. Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады, – деді Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы.

 

Тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізуге ниетті

Бұдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орта­лық комитетінің Бас хатшысы То Лам­мен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Вьетнам делегациясына ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Вьетнамның 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздейтін стратегиялық мақсатын қолдап, ел тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді.

л

– Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасын­дағы сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңей­туге толық негіз бар. Сіздің осы тари­хи сапарыңыз және соның аясында қол қо­йылатын құжаттар қазақ-вьет­нам қаты­настарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесіне айрықша мән берілді. Былтыр екі ел арасындағы та­уар айналымы 860 млн долларға жеткен. Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізуге ниетті.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам туризм са­ласындағы бірлескен жұмыстың келешегі туралы пікір алмасты. Қазір екі ел арасында визасыз режім орнап, әуе қатынастарының саны 40-тан асты. Осы ретте Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін еліміздегі туристік аймақтарды зерделеп көруді ұсынды.

Ал То Лам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел халқына қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгтың ыстық ықы­ласын жеткізді.

– Вьетнам мен Қазақстан­ның ортасында ондаған жылдар бо­йына тығыз қарым-қатынас ор­наған. 1959 жылдың тамыз айында біздің Президентіміз Хо Ши Мин Қазақстанға ресми сапармен келген еді. Бұл сапар қос халық арасында дәстүрлі достық пен ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізін қалады. Содан бері екі елдің байланысы көшбасшылар мен азаматтардың күш-жігері арқасында ұдайы дамып келеді. Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам халқы мен партиясы сіздерге дән риза, – деді Вьетнам Компартиясы ОК Бас хатшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Вьетнам мәдениетінің күндерін өткізудің маңызына тоқталып, оның мәдени диалог пен халықтар бірлігін нығайтуға септігін тигізетінін айтты.

Президент мәртебелі мейман­ға Отан қорғаушы күні қарсаңын­да әскери парад өтетінін айта келіп, Қазақстан мен Вьетнамның әскери-техникалық серіктестігін нығайтуға отандасымыз, генерал-лейтенант Жансен Кереевтің елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Жансен Кереев 1982 жылы Вьетнам халық армиясы штабы­ның аға кеңесшісі ретінде іссапарға жіберілген. Ол Вьетнам Қарулы күштерін бірге құрысып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға атсалысты. Хо Ши Миннің шешімімен Жансен Кереев Вьетнамның ең жоғары әскери наградасы – «Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Кездесу соңында Президент Бас хатшы То Ламның елімізге са­­па­ры қазақ-вьетнам достық бай­ла­ныс­тары тарихындағы жаңа ке­зеңге жол ашатынына сенім білдірді.

Келіссөз қорытындысы бо­йынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Рес­пуб­ликасы арасында Стратегия­лық серіктес­тік орнату туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Ресми делегация мүшелері мынадай құжаттармен алмасты:

  1. Қазақстан Республикасы Цифр­лық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Ғылым және технология министрлігі арасында технология, инновация және цифрлық трансформация салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум;
  2. Қазақстан Республи­касы Мәдениет және ақпарат министр­лігі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасында 2025–2027 жылдарға арнал­ған мәдениет саласындағы ынты­мақтастық жөніндегі меморандум;
  3. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министр­лігі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасында 2025–2027 жылдарға арнал­­ған спорт саласындағы ынты­мақ­тастық жөніндегі меморандум;
  4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Әділет министрлігі арасындағы 2025–2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  5. Қызылорда облысы әкімдігі мен Хынг Йен провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум;
  6. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Sovico Group арасында Qazaq Air АҚ акцияларын сатып алу мәмілесін аяқтауды растау туралы акт;
  7. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Petrovietnam Exploration Production компаниясы арасында геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  8. Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешені мен Вьетнамның ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

 

І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды

Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.

лш

Президент Қазақстан мен Вьетнамды тереңнен тамыр тартатын достық қарым-қатынас байланыстыратын атап өтті. Сонымен қатар 1959 жылы Қазақстанға Вьетнамның тұңғыш Президенті Хо Ши Миннің келгенін еске салды. Бұл сапар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын дамытудың берік негізін қалаған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Вьетнам шынайы стратегиялық әріптестік орнатқанын айтты.

– Сіздің Қазақстанға мем­лекеттік сапарыңыздың тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екі­жақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Бұл үшін мол перспективаға жол ашатын саяси ерік-жігер мен сауда-экономикалық әлеует жет­кілікті. Екі ел арасындағы дос­тықты нығай­туға айрықша үлес қос­қаны­ңызды атап өткім келеді. Осы орайда Сізге Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік награ­дасы – І дәрежелі «Достық» орденін табыстауға рұқсат етіңіз. Қазақ­стан мен Вьетнам ықпал­дасты­ғын одан әрі арттыруға қол­дау көрсете бересіз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

То Лам Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақ халқына алғыс айтты.

– Бұл – мен үшін өте құнды марапат. Өйткені мұны елдеріміз­­дің ондаған жылдардан бері жал­ға­сып келе жатқан ынтымақтас­тығы мен тілектестігінің нәтижесі әрі қос халықтың сенімі мен шынайы сүйіспеншілігінің бел­гісі деп білемін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ал қазақ халқы­ның бақ-берекесі арта беруіне тілектеспін, – деді Вьетнам Компартиясы ОК Бас хатшысы.

Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам Қазақстандағы Вьетнам мәдениеті күндері аясында ұйымдастырылған концертті тамашалады. «Астана Опера» театрының сахнасында мәртебелі қонақтар мен елорда жұртшылығына Ханой филармония оркестрі, «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры, сондай-ақ қазақ және вьетнам халықтарының белгілі мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.