
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Қазақстанның автокөлік одағы» (ҚАО) президенті Анар Мақашева сессияда саланың тұрақты дамуына негізгі шарт ретінде автокластер жүйесі мен компоненттік базаны дамытудың маңызы жөнінде айтты. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, автокөлік саласы тұрақты өсімге ие – 2018 жылы 31 мың көлік өндірілсе, былтыр бұл көрсеткіш 145 мыңға жеткен. Алдағы меже – 160 мыңнан асыру. Оның айтуынша, саланың әрі қарай дамуы тереңдетілген локализацияны арттыру мен экспортқа шығаруға тікелей байланысты.
Бірінші меморандум «Almaty Autoparts Production» ЖШС мен «СемАЗ» ЖШС арасында жасалды. Тараптар отандық өндірістегі автокөлік орындығын коммерциялық техника шығаратын зауытқа жеткізуге келісті.
Екінші меморандум «Кайнар-АКБ» ЖШС мен «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС арасында жасалды. Келісімге сәйкес, Алматыдағы автокөлік зауытына отандық аккумулятор батареяларын жеткізу көзделген. Отандық қуат көздеріне көшу өндірістік циклдің тәуелсіздігін нығайтып, маңызды компонент бойынша импортқа тәуелділікті азайтады. ҚАО президентінің пікірінше, мұндай келісімдер елде толыққанды автокластер құруға бағытталған нақты қадам, онда отандық кәсіпорындар өндірістік тізбекке тығыз интеграцияланып, ішкі нарықпен ғана шектелмей, сыртқы нарыққа да бәсекелесе алады.
«Ағымдағы және халықаралық деңгейде бірлескен жобаларды ілгерілетіп, ұзақмерзімді серіктестік қатынас орнап жатыр. Одақ барлық нарық қатысушысына қолдау көрсетуді жалғастыра береді», деді Анар Мақашева.
«Кайнар-АКБ»ЖШС – Орталық Азиядағы ең ірі аккумулятор батареяларын өндіруші. Толық өндірістік циклге ие кәсіпорын жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасына, теміржол көлігі мен мұнай-газ саласының қажетіне арналған, сондай-ақ жеңіл және жүк көліктеріне 3 млн-нан астам аккумулятор шығарады. Компания өнімдері «Kainar», «Bars», «nomad», «вожак» секілді танымал брендтерімен әйгілі. Тауарлар Еуропа мен Жапонияның сапа стандарттарына сай келеді. Өнімнің 60%-дан астамы ТМД елдері мен жақын шетелдерге экспортталады.
«Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС қазір ТМД елдерінде кеңінен танымал. Алматыда «Hyundai» автокөліктерін өндіру зауытының ашылуы – әлемдегі ірі автоөндірушілердің бірі «Hyundai Motor Company» компаниясымен өндірістік кооперацияны кеңейтудің жарқын мысалы. Сонымен қатар, бұл еліміз бен Корея Республикасы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың тереңдей түскенінің дәлелі.
«Hyundai Trans Kazakhstan» зауытының қазіргі модельдік желісі 8 модельді қамтиды – «Tucson», «Mufasa», «Sonata», «Elantra», «Santa Fe», «Palisade», «Staria» және «Custin». Биылдан бастап «Elantra»-дағы мультимедиялық жүйе интерфейсі қазақ тілінде қолжетімді болады.
Былтыр бизнес-кластағы «Genesis» көліктерін шығару желісі іске қосылды. Биыл екінші тоқсанда «Hyundai Santa Fe» үлгісінің CKD-өндірісі жолға қойылады. «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты дәнекерлеу, бояу, жинақтау, пластик бөлшектерін бояу және компоненттер қоймасы қызметтерін ұсынады.