Өшпес даңқ • 06 Мамыр, 2025

МәшҺүр Жүсіптің тұмарын тағып соғысқа аттанған жігіт жайлы аңыз

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы әңгіменің бір үзігін бірнеше жыл бұрын кездейсоқ естіп едім. Жеңіс күні қарсаңында сол дерек ойға оралды. Анық-қанығын білмекке Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Абай Шарапиевке хабарластық. Әулиенің тікелей ұрпағы тарихтан сыр шерткен оқиғаны баяндап берді.

МәшҺүр Жүсіптің тұмарын тағып соғысқа аттанған жігіт жайлы аңыз

Фото: baribar.kz

Әулиенің орыс тамыры

Әулиенің Яков (Яшка) Бутаков деген ұлты орыс досы болған екен. Ол өзі Баянауылда тұрған. Мәшекең сол орыс тамырының моншасына түсіп шыққан соң самаурынның шайын ішкенді ұнатқан екен. Сондай күндердің бірінде Яшка мен оның үш қызы «Алладан ұл сұрап беріңіз» деп әулиеден бата тілепті. Мәшһүр Жүсіп бата қайырып, атқосшысы Иманғалиға сөмкесінен қағаз-қалам алдыртады. Тұмар жазып беріп, Яшканың жары Раисаға мойнына тағып алуды тапсырыпты. Әулиенің шарапатымен келер жылы ұл бала дүниеге келген көрінеді.

Майданға тұмармен аттанған

Сол баланың ержетуі – екінші дүниежүзілік соғыстың басталған кезеңіне тұспа-тұс келіп, майданға шақыртылады. Үйінен соғысқа аттанар мезетінде анасы тұмарын шешіп, баласының мойнына тағып, «шамаң келгенше мойныннан шешпе» деп тапсырған екен.

Жас жігіт соғыста баянауылдық жігіттермен ұшырасып қалып, жөн біліскен кезде, қазақ жігіттері «Кімнің баласысың?» деп сұрағанда, «Мәшһүр атаның» деген ғой. «Өтірік айтып тұр» деп иланбаған соң, тұмарын ашқан. Тұмарда:

«... Ей Алла, сен мені шын Мәшһүр десең,

Мына орыстан бір ұлыңды аяма!», –

деп жазылған екен. Баянауылдық орыс жауынгерінің сөзі шын екеніне қазақ жігіттері солайша көзі жетіпті.

Соңғы хат

Сол орыс жігіті бір ұрыста қатты жараланып, госпитальге түскен кезде тұмарын жоғалтып алыпты. (Сірә, медбикелер қан тиген киімдерімен қоса, тұмарды да шешіп алып, лақтырып тастаған болуы керек). Тұмарын сұрастырып іздесе, ешкім білмейтін болып шыққан. Үйіне жіберген хатында: емделіп болып, қайтадан ұрысқа кірейін деп жатқанын, қазір «тұмары жоқ» екенін, енді аман болуы екіталай екенін жазыпты. Соңғы хаты екен, содан кейін ол жігіттен хабар-ошар мүлде болмапты.

қармақшы таңы

(Фото: qarmaqshy-tany) 

Ел арасында сол жігітті Мәшһүр Жүсіп берген мойнындағы тұмары талай рет ажалдан сақтап қалған деген аңыз бар.