
Сапар барысында С.Торайғыров университетінде жас сайлаушылармен, мәслихат депутаттарымен, жастар ұйымдарының өкілдерімен, сондай-ақ Шарбақты ауданының халқымен және әкімімен кездесулер өтті. Іс-шараларға 500-ден аса адам қатысты.
Нұрлан Әбдіров Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен конституциялық реформа шеңберінде сайлау жүйесін трансформациялау туралы айта келе, жаңашылдықтар қоғамның сұранысына негізделгенін атап өтті. Сонымен қатар ол еліміздің сайлау органдарының дамуы, сайлау комиссияларын кәсібилендіру, электоралдық оқыту, халықаралық ынтымақтастық және байқау институтын арттыру жөнінде сөз қозғады.
«Елдің сайлау жүйесін трансформациялау халықтың елді басқаруға қатысуын арттыру жолымен билік институттарын қалыптастырудың сапалы жаңа моделіне көшуді білдіреді. Сайлау жүйесінің жаңашылдықтары жұртшылықтың сұраныстары мен ұсыныстарына негізделген», деді Н.Әбдіров.
Сайлау үдерісіне қатысушылармен тікелей диалогті дамытуға ерекше назар аударылды. 2022 жылдан бастап ОСК төрағасы ел көлемінде 143 кездесу өткізді, оған 18 мыңнан аса адам қатысты.
Павлодар облысына сапардың бірінші күнінде интерактивті сессияға қатысушылар сайлау жүйесін дамыту, сайлауды цифрландыру және әлемдік трендтер туралы сұрақтар қойып, белсенділік танытты. Мәселен, 2-курс студенті, Жас сайлаушылар клубының мүшесі Айша Таласова пікір алмасуға болатын сайлау жаңалықтарын жинау үшін жастар порталын құруды ұсынды. Тағы бір студент Асхат Есімов электоралды саладағы әлемдік трендтерге қызығушылық білдірсе, ал Айтуар Савриденов сайлау үдерісін цифрландыру мүмкіндіктері туралы сұрады.
300-ден аса жас респондент С.Торайғыров университетінде және Шарбақты ауданындағы кездесулерде өзекті сайлау мәселелері бойынша онлайн-сауалнамаға қатысты. Нәтижелерге келсек, респонденттердің 72,7%-ы президенттікке кандидаттар үшін мемлекеттік қызмет өтіліне қойылатын талаптарды қолдайды; 40,4%-ы қағаз бюллетеньмен дауыс беруді қалайды; 36,3%-ы сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар дауыс бермеуі керек деп санайды; 41,3%-ы қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдардың дауыс беру құқығы болмауға тиіс деп санайды; 51,6%-ы сайлаулар мен референдумдар туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы біледі. ОСК басшысы бұл сауалнамалардың практикалық мәні барын және олардың нәтижелері алдағы сайлау науқандары кезінде сайлаушыларды ақпараттандыру стратегиясын қарастырғанда ескерілетінін атап өтті.
Сапар аясында өңірдің аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерімен кеңес өтті. Сайлаудың заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жабдығын жақсарту және комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ауыл әкімдерін сайлау мәселелері бойынша практикалық жағдайларды талдау және комиссия мүшелерінің сайлау заңнамасын білуіне тестілеуді қамтитын семинар-тренинг өтті.
Сапардың екінші күні Нұрлан Әбдіров Шарбақты ауданында болды. Ол ауыл жастары, колледж студенттері және тұрғындарымен кездесті. Онда сайлаудың олардың өміріне қалай әсер ететіні талқыланды.
Ауылдық кітапхана қызметкері Наталья Мащенко әкімдерді тікелей сайлау билікті халыққа жақындата түскенін атап өтті. Аудандық қоғамдық кеңестен Бақтылы Қалыбаева аудан әкімінің тұрақты түрде ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесіп тұратынын айтты. Аудандық мәслихат депутаты Владимир Поляков әкімдерді сайлау құқығының халыққа берілуімен билікке деген сенімнің нығая түскенін мәлімдеді.
ОСК төрағасы Қазақстанда 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өткізіліп келе жатқанын, бүгінде олардың 97 пайызға жуығын халық тікелей сайлағанын еске салды. 2023 жылы пилоттық режімде 45 аудан және қала әкімдерінің сайлауы өтті. Оның айтуынша, бұл әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, халықтың мүддесі мен сұранысына анағұрлым жақынырақ етеді. «Бұл өзгерістердің барлығы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформалардың бір бөлігі. Мұның мақсаты – азаматтардың жергілікті деңгейде шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейту», деді ол.
Сапар барысында ең белсенді қатысушыларға ОСК бастамасымен шығарылған электоралды тақырыпқа арналған кітаптар тапсырылды.