Медицина • 05 Мамыр, 2025

Нейрохирургтер сәбиді аман алып қалды

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургтері үш айлық сәбиге операция жасады. Олар баланың өміріне қауіп төндірген ми ісігін алып тастаған. Қуанышқа қарай, күрделі операция сәтті аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нейрохирургтер сәбиді аман алып қалды

Сәбидің анасы Айбат қызының уақытында туып, қалыпты дамығанын айтады. Сол үшін де денсаулығында кінәрат бар дегенді тіптен ойламаған. Кейін, туғанына екі ай шамалағанда терісі көгеріп, жиі құсып, ембей, мазасы қашқан. Сәбидің ата-анасы дереу педиатрға, содан соң невропатологқа жүгінген. Көп ұзамай ультрадыбыстық зерттеуде баланың төбе-қарақұс аймағында түзілген сұйықтық анықталған.

КТ аппараты сәбидің сол жақ төбе бөлігінде көлемді ісіктің барын растапты. Ал, МРТ мидың функционалды маңызды аймақтарында орналасқан 5,6× 4,2 см көлеміндегі ісікті нақты көрсеткен. Осыдан соң балалар нейрохирургы Дмитрий Сурдин, Әлібек Жарасов және басқарма төрағасының орынбасары Асылбек Қалиев бастаған бір топ маман кеңесіп, шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдаған. Сәбиді балалар нейрохирургиясы бөлімшесіне жатқызған. Бұл кез қыздың анасы жанын қоярға жер таппай, қатты күйзелген.

«Алғашында қызымның ауыр сырқаты бар дегенге иланғым келмегені рас. Бірақ кейін ес жиып, алда қандай қауіп күтіп тұрғанын түсінген соң, кез-келген жағдайға дайын болуға тырыстым. Қуанышқа қарай, біздің тілегіміз қабыл болып, қызымыз аман қалды. Қазір жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлерге, нейрохирург Дмитрий Сурдинге, орталықтағы барлық медицина қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін», деген сәбидің анасы Айбат, орталық ұжымына алғыс айтты.

Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ғабит Өлеңбайдың айтуынша, операция өте күрделі болыпты. Алып ісік бала миының жартысына жуық бөлігін алып жатқан. Қан жоғалту қаупі өте жоғары. Заманауи әдіс-тәсілдерді қолданатын епті дәрігерлердің, толығымен жарақтандырылған орталықтың арқасында операция сәтті өтті.

«Жасқа толмаған балаға қандай операция жасасаң да оңайы жоқ. Әсіресе, үлкен ісікті алып тастау қиын. Ақылдаса келе ісікті микрохирургиялық әдіспен алуға бекіндік. Операция жақсы өтті. Қазір кішкентай қызымыз операциядан кейінгі емшаралардан өтіп жатыр. Өзін жақсы сезінеді. Құспайды, жағдайы жақсарып келеді. Операцияда анестезиологтар мен трансфузиологтар да ауқымды жұмыс атқарғанын айта кеткен жөн. Өйткені кішкентай пациенттің жағдайын бақылау асқан дәлдікті қажет етеді. Топта анестезиолог-реаниматолог Айгүл Жанделдинова, мейіргер-анестезист Гүлзира Дәукенова, трансфузиолог Ербол Қуанышев және операция мейіргері Алуа Дәукеновалар да  болды», дейді Ғабит Өлеңбай.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше