Қазақстан • Бүгін, 14:19

Қазақ циркінің акробаттары Миланда әлемдік рекорд орнатты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы циркінің әртістері Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл оқиғаны – отандық цирк өнерінің ауыз толтырып айтарлықтай кезекті табысы десек те болады, деп жазады Egemen.kz

Қазақ циркінің акробаттары Миланда әлемдік рекорд орнатты

Алматы циркінің артистері, әйгілі «СЕРБАТ» акробатикалық тобының мүшелері – Батыр Жанұзақ пен Марлен Маратов Миландағы беделі жоғары «Lo Show Dei Record» халықаралық шоуында ерекше рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында рекорд жасаған өнерпаздардың өздері баяндады.

Көрермендерді ғана емес, халықаралық қазылар алқасын да таңғалдырған қазақ циркінің майталмандары Италияда баспалдақтан төңкеріліп түскен адаммен бірге ең қиын трюкті 36,66 секундта орындаған. Осылайша күрделі нөмір алматылық акробаттардың ерекше даярлығын, ептілігі мен шеберлігін паш етті.

«Бұл керемет сәт болды. Біз бұл рекордқа ұзақ әрі табандылықпен дайындалдық. Бүкіл залдың қошеметіне бөлену – ұмытылмайтын ерекше сәт болды!», дейді, әйгілі «СЕРБАТ» акробатикалық тобының мүшесі Батыр Жанұзақ.

Алматы циркінің акробатика өнерінің шебері Марлен Маратов да әріптесін қуаттай келе: «Біз үшін бұл жай ғана рекорд емес, бұл бүкіл командамыздың еңбегіне, цирк өнеріне деген махаббатына берілген баға. Бізге сенім артқан барша жанкүйерлерге алғысымыз шексіз!», деді.

«СЕРБАТ» цирк тобы бұған дейін де әлемдік сахналарда танылып, «America's Got Talent», «Britain's Got Talent», «China’s Got Talent» сынды атақты шоуларда өнер көрсетіп, жеңісті орындардан табылған.

Баспасөз мәслихатында Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов өз өнерпаздарымен мақтанып: «Бұл рекорд – жеке жетістік қана емес, сонымен қатар қазақ цирк өнерінің дамуына қосылған зор үлес. Қазақстанда нағыз цирк шеберлері бар екенін бүкіл әлем тағы да мойындады», деді

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры бұл рекорд отандық әртістердің деңгейін дәлелдеп, Алматы циркінің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға жасалған тағы бір қадам болғанын атады.

Алматы