
Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты әскери шеруге санаулы күндер ғана қалды. Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеді.
7 мамыр күні өтетін шеру Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ елі» монументінің жанында ұйымдастырылады. Ел жүрегінде өтетін бұл көрініске 4000-нан астам әскери қызметші, 24 парадтық есептоп, 200-ден аса әскери техника мен қару-жарақ түрлері қатысады. Сонымен қатар, биылғы шерудің ерекшелігі — әуе шоуының ауқымдылығы. Қазақстанның майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиациясы қатарынан 66 ұшу аппараты елорда аспанында қалықтайтын болады.
Шеру үш негізгі бөлімнен тұрады. Алғашқы кезең — жаяу әскердің саптық шеруі. Еліміздің әр түкпірінен жиналған әскери бөлімшелер бой түзей өтіп, ел қорғаныс қуатының айқын бейнесін көрсетпек.
Екінші бөлімде көрермендер назарына механикаландырылған колонналар ұсынылады. Бұл қатарда тарихи жауынгерлік техникалар мен қазіргі заманғы заманауи қару-жарақтар өз шеруін өткізеді.
Шерудің шарықтау шегі — әуе парады. Қуатты қозғалтқыштар гүрілі мен аспанды тіліп өтетін авиация — елдің әуе қорғанысының темір қанаты мен айбынды рухының белгісі.
Әуе күштері 7 мамырда толық құрамда Астана аспанында қалықтайды.