Өшпес даңқ • Кеше

Бауыржан Момышұлының батальонында болған майдангер

90 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ІІ дүниежүзілік соғыстың белең алған сәтін халыққа жеткізіп, баяндап отыру қалам ұстаған қауым үшін оңай болған емес. Жеңіс туы желбірегенше амалсыз айтылды, ынтасыз жазылды. Жеңіс күні қантөгіс те, аты өшкір жағымсыз сөзді жазу да сап тиылды. Содан бері соғыс жайлы жылына бір Жеңіс күні ғана еске алатын болдық. Ал биыл дүниенің астан-кестенің шығарған оқиғаның аяқталғанына 80 жыл.

Бауыржан Момышұлының батальонында болған майдангер

1941 жылы күллі Кеңес одағы құрамына кіретін елдерді дүр сілкіндірген бұл оқиға кенеттен басталған-ды. Барлық әскер аяғынан тік тұрды. Қару ұстап, майданға жарайтын ұл-қыздар апыл-ғұпыл сапқа қосылды. Олардың ішінде қазақтың мықты қыз-жігіттері де көп болатын. Бүгін біз сондай жандардың бірі Күнболат Сейітұлы жайлы сөз қозғаймыз.

Күнболат Сейітұлы сегіз жасында әке-шешесінен жетім қалған. Біраз уақыт жамағайындарының қолында болған ол кейін «Түрксибте» жұмысшы болып істейді. Сол бір жылдары оған «Түрксибке» жұмысшы болып жұмысқа тұру қиынға соққан. Бірақ жетім бала табандылық танытады. Сөйтіп жүріп Сыртанов деген бастықтың мейірімі ауады. Әуелде оны суға жұмсап, топырақ тасытып шаруаға беиімдейді. Бірте-бірте жұмыс түрі де, ауқымы да ұлғая берген. Сонда жүріп қара таниды. Колхоз мүшелігіне кіреді. Бригадир, ферма бастығы, колхоз басқармасы төрағасының орынбасары секілді алуан атаулы, әрі қилы міндет жүктейтін жұмыстар атқарды. 1940 жылы Коммунистік партияның мүшелігіне өтті. 1941 жылы 13 шілдеде Қазақстанда генерал Панфиловтың дивизиясы жасақталғанда сол дивизияның қатардағы жауынгері болып қабылданды.

Ол ІІ дүниежүзілік соғыстың бел ортасында болды. Осылайша, Отан үшін жанын шүберекке түйіп қан кешті. От пен оқтың арасында жүріп, өлім аузынан аман қалды. Соған қарамастан Панфилов дивизиясының жауынгері ретінде, аты аңызға айналған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының батальонында  жүріп жаумен шайқасты.

2


Даңқты
батырдың басшылығымен талай мәрте жау құрсауын бұзып өтті. Талай рет қоршауда қалды. Жеңген, шегінген сәттері де болды. Ол Мәскеу  түбіндегі Волоколамск күре жолындағы майдан шебінде алған жарақатына байланысты дәрігерлердің шешімімен елге ерте қайтады. Бір әскери құрамда қызмет атқарып жүрген  бауыры Жанболат Сейітұлы жаралы ағасын госпитальға өзі шығарып салады.  Сол күні Күнболат пен Жанболат бір-бірін ақтық рет көрген еді. Күнекең бір бауырын майдан даласында жоғалтса, енді бір бауыры соғыстан кейінгі ауыр жылдардың бірінде сырқатынан көз жұмды. Ал өзі елге келе сала соғыстан қажыған қауымға қолғабыс етеді. Кеңшардың жұмысын атқарады. Болашақ жары Күлжанмен шаңырақ көтереді. Тарих беттерін ақтарып отырсақ, сол сәттер жайлы 1975 жылы жазушы Жұмат Тілепов жазған екен. Сол жылдары қаламгерге ардагер Күнболат Сейітұлы пікір білдірген екен.

«Сол соғыстың соңғы оғының атылғанына, ақырғы бомбасының дүмпуінің тынғанына отыз жыл болды. Дүние содан бері тыныштық өмірдің отыз қысы мен отыз көктемін қарсы алды.  Қыс қыстығын істеп, шаруаның екі аяғын бір етікке тыға қояйын дегендей қыса келеді. Ал көктем, әрине, жайдарлы. Бірақ мен жыл маусымының ең қатаң мезгілі қыстың өзіне де шүкіршілік етіп, сүйсіне қарауға тырысамын. Өйткені, қыстың қатаңдығы, бұл қорқынышты емес. Тек, дүние аман болып, кешегідей дүлейден тыс болса деп тілеймін», деген еді жаралы жылдар жайлы сөз еткен майдангер Күнболат Сейітов.

Құдайға шүкір Күнболат ақсақал сипаттаған мамыражай жылдар, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт кездер әлі де жалғасып келе жатыр. Сол күндердің көбіне Күнболат қарияның өзі де куә болды. 10 жылдай қой бақты. Қоғамға пайдасын сіңірді. Еңбектен қашпады. Тіпті облыс көлеміне, республикаға әйгілі шопан дәрежесіне жетіпті. Оның омырауына Ленин ордені мен Еңбек Қызыл ту ордені ілінді.  Сонау Москва түбіндегі айқаста көрсеткен ерлігі ескеріліп «Ерлігі үшін» медалімен наградталды, 1970 жылы В. И. Лениннің туғанына 100 толуына орай мерекелік медальмен, Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесінің алтын медалімен наградталған. Сонымен қатар ол аудандық Советтік депутаты, совхоз партия комитетінің мүшесі болып сайланған. Бұл оның өзі өмір сүрген ортада белсенді қызмет еткенін айғақтайды. Мұның бәрі біз білетін белгілі мәліметтер ғана. Ал оның болмыс-бітіміне бойлай алмайтынымыз өкінішті-ақ. Бірақ оның замандастары жазып кеткен жазбаларға көз салсақ, кейіпкеріміздің жаны жайсаң жан болғанын бағамдау қиын емес.

«Аға шопан Күнболат Сейітов өз жетістіктері туралы сөйлеп кетуге тым сараң. Өйткені, ол жаратылысынан барынша қарапайым, барынша кішіпейіл жан. Тіптен,  жыр қылып айтса таусылмайтын малдың күтімі, жайылымы туралы жайлардың өзі оған жұрттың бәрі бірдей білетін секілді болып көрінеді», деп баяндапты бір кездері профессор Жұмат Тілепов.

Сейіт ақсақалдан қалған жалғыз тұяқ Күнболаттан тоғыз бала тарады. Бүгінде олар еліміздің әр жерінде еңбек етіп жүр. Бәрі де бір-бір үйдің тірегі. Солардың біріәскери журналистика саласында жүрген Дарын Сейітов. Дарын – Күнболат ақсақалдың ұлы Берікжанның баласы. Майдангердің немересі ұзақ жылдан бері әскери саланың жаңалықтары мен қызықтары  жайлы қалам тербеп жүр.  

«Әлі есімде 9 мамыр мерекесі келгенде Күнболат атамыздың басына барып, құран бағыштайтынбыз. Өйткені, дәл осы күн атамыздың туған күні болатын. Сондықтан бұл дата біз үшін екі еселенген мереке болатын. Бұл бара-бара жақсы дәстүрге айналды. Сейіт әулеті осы күні Жеңіс мерекесімен қатар,  атамызды, басқа да ардагерлерді еске алып құдайы тамақ тарататын. Ағайын-туыс, көрші-қолаң және атамыздың көзін көрген ақсақалдар жиналатын. Барлығы атамызды атақты шопан, Талғар ауданы Фрунзе кеңшарының іргесін қалаушылардың бірі деп еске алатын. Оның соғыс кезіндегі оқиғалары туралы ешкім біле бермейтін. Заман солай болды ма, атамыз көзі тірісінде өзінің майдандағы оқиғалары туралы көп айта бермейтін көрінетін. Тек атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлын қатты құрметтегені туралы әжеміз Күлжан Медербекқызынан естіп-біліп жүретінбіз. Әжемнің айтуынша, Күнболат атамыз самаурын қайнатып, Бауыржан Момышұлының жертөледе орналасқан кабинетіне кіргізіп беретін. Кейде бомбаның жарылысынан жөртөленің іші шайқалып, топырағы түсіп жататын. Ер Бәукең асықпай шәйін ішіп отырады екен. Содан кейін ақбоз атына отырып, шабуылдауға шығады. Оқтар бұршақша жауып жататын, батыр атқа отырып шапқанда  бір оқ дарымайтын қасиетке ие болыпты. Атамыздың өзіне келер болсақ, ұрыстардың бірінде немістің офицері атамызға тапаншамен оқ атыпты. Оқ оның шынтағына тиіпті. Өзі жетім қалған атамызға құдайдың өзі қарасқан болса керек. Сол жарақатымен майданнан босатылып елге оралды. Талғар ауданы Бірлік ауылында басшылық қызмет атқарды. Тоғыз перзенті өмірге келді. Олардан тараған жиырмаға жуық немересі, отыздан аса шөбересі мен шөпшектері бар», дейді батырдың немересі Ұлттық ұлан офицері Дарын Сейітов.

Биыл бұрынғы Кеңес одағына мүше мемлекеттердің ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі ортақ жеңісіне 78 жыл толып отыр. Қасіретті жылдар кезінде ел жадында қалған оқиғалар, ерлеріміз жасаған ерлік бүгінгі ұрпақтың бой түзеп, сабақ алатын мысалына айналды. 1941-1945 жылдары жан аямай жауға қарсы тұрған батырлар ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Олар жеңіс туын тігуге, бейбіт өмір орнатуға ұмтылды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Күнболат Сейітұлы да Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің бірі ретінде тарихта қалды.

 Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ, Журналист

 

Соңғы жаңалықтар

Көкшетау көркейіп келеді

«Таза Қазақстан» • Кеше

Өндірістегі өзгеше отау

Мереке • 01 Мамыр, 2025