
Фото: Қорғаныс министрлігі
Заң жобасы мемлекеттік (оның ішінде әскери) авиацияның тек мемлекеттік емес, жеке тапсырыс берушілерге де жүк тасымалдау қызметін көрсетуіне мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе Ұлыбритания, Германия, Түркия, Египет, Ресей, Беларусь және Оңтүстік Корея секілді елдерде бар және бұл ICAO (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) стандарттарына сәйкес келеді.
Әскери құрылымдарға өздерінің негізгі қызметіне кедергі келтірмеген жағдайда ақылы негізде тасымалдау қызметін көрсетуге рұқсат беріледі. Тасымалдау коммерциялық негізде немесе жаттығу ұшулары кезінде ілеспе бағыттар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Күтілетін артықшылықтар:
- Әуе техникасын ұстау мен жөндеуге кететін шығындардың бір бөлігін жабу;
- Мемлекеттік бюджетке қосымша кіріс түсуі;
- Мемлекеттік шығындардың азаюы;
- Алыс аймақтардың логистикасын жақсарту;
- Тасымалға тартылған әскери қызметкерлерді ынталандыру.
Қауіптер мен тәуекелдер:
- Жеке құрамға түсетін жүктеменің артуы;
- Қосымша сақтандыру шығындары;
- Азаматтық авиакомпаниялармен бәсекелестік шектеулі болуы мүмкін;
- Мемлекеттік міндеттерге басымдық сақталады.
Ведомствоның мәліметінше, 2028 жылға қарай мемлекеттік авиация арқылы жүк тасымалы көлемі 12,1%-ға, ал 2030 жылға қарай 24,2%-ға артады. Сонымен қатар, әскери авиацияны дамытуға салынатын инвестициялар 2028 жылға дейін 100%-ға, ал 2030 жылға дейін 120%-ға өсуі мүмкін.
Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштері 15 әскери-көлік ұшағын пайдаланып отыр. Оларды ұстау мен жөндеуге жыл сайын шамамен 7 млрд теңге бөлінеді, алайда бұл қаржы техниканы уақтылы жаңартуға жеткіліксіз.