
Полицияның кезекші бөліміне Май ауданында тұратын ер адамнан қоңырау түскен. Ол өз үйінің жанындағы мал қорасынан 3 мыңға жуық мылтық патрондарын тауып алғанын хабарлаған.
«Тұрғын нысандағы ағаш едендерді бұзып жүріп, 9 мм калибрлі мылтықтың 2913 дана патронын тауып алған. Оқ-дәрілерді ол өз еркімен полицияға тапсыратынын мәлімдеді. 21 сәуірден бастап Ертіс-Баян өңірінде халық арасында заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде сатып алу жөніндегі республикалық акция басталған. Акция шарттарына сәйкес, сараптама нәтижелері бойынша ауыл тұрғыны мемлекеттен өтемақы алады. Төлемнің болжамды сомасы - 327 246,42 теңге», деп мәлімдеді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Акция басталғаннан бері аймақ тұрғындарынан 16 мылтық және 3 мыңға жуық патрон қабылданған. Қарулар баллистикалық сараптамаға жіберілген. Олардың нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден астам сомаға сыйақы төлеу туралы шешім қабылданады.