Ғылым • Бүгін, 09:50

Ғылым тілі жүйелілікті талап етеді

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ғылым – ұлттың шамшырағы. Бұл сөздің маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында өткен кездесуде тағы бір мәрте атап өтті. Президент жоғары оқу орындарының тек білім берумен шектелмей, ғылыммен айналысуы стратегиялық қажеттілік екенін айтты. Сонымен қатар қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, оны жасанды интеллект саласына бейімдеу ел дамуының маңызды векторларының бірі екенін ерекше атады.

Ғылым тілі жүйелілікті талап етеді

Расында да, ғылым саласы қарқын алып келеді. Соңғы жылдары елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі 3,5 есе артып, жас ғалымдарды қолдау шаралары күшейді. Қазір елімізде 25 мыңнан астам ғалым болса, олардың жартысына жуығы – 40 жасқа толмаған зерттеушілер екен. Бұл көрсеткіш ғылымның болашағы жастардың қолында екенінің айғағы іспеттес.

Қожа Ахмет Ясауи университеті де осы бағытта нақты әрі ауқымды қадам жасап келеді. Соңғы уақытта ғылыми жобаларымыздың саны артты, жас ғалым­дарымыздың үлесі өсіп келеді, жаңа зертханалар мен ғылыми орталықтар ашылып, ғылыми инфрақұрылым жүйелі түрде жаңартылып жатыр.

Жалпы, оқу орнымыздың 2029 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында ғылыми-инновациялық әлеуетті арттыру басым бағыт ретінде белгіленген. Бұл мақсатта зерттеу инфрақұрылымы жаңартылып, жас ғалымдарды қолдау механизмдері енгізілді. Мысалы, соңғы 4 жылда университетімізде ғылымды қаржыландыру көлемі 20 есе артып, 2024 жылы 8 млрд теңгеден асты. Қазіргі таңда университетімізде 36 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 8-і – жас ғалымдарымызға тиесілі. Осы ауқымды жобалардың барлығы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тікелей қолдауымен іске асып отыр. Бұл көрсеткіштер университеттің нақты ғылыми әлеуеті мен мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып жатқанын көрсетеді.

Ғылымды қолдау нәтижесінде бірнеше жаңа зертхана ашылды. Атап айтқанда, «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материал­дар», «STEM және креативтілік», «Жасанды интеллект және IT технологияларына» арналған зертханалар жаңа ғылыми бағыттарды дамытуға жол ашты. Сонымен қатар оқу орнымыздың бастамасымен жүзеге асатын академиялық үстемдік орталығы аясында 13 зертхана құрылды. Бұл орталық медицина, биотехнология және экология салаларында ғалымдарымызға озық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берумен қатар, өңірдің тұрақты дамуына зор үлес қосатыны анық.

Мемлекет басшысы халыққа Жол­дау­ларында, арнайы жиындар мен сұхбаттарында үнемі білім мен ғылым­ның ұштасуына назар аударып қана қоймай, ғылым мен технологияның келешегі – жасанды интеллект пен жоғары технологиялар екеніне де баса мән беріп келеді. Президентіміз қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру – ұлттың өркениет деңгейінің көрсеткіші екенін де бірнеше рет айтып, нақты тапсырмалар берген болатын. Атап айтқанда, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзінде қазақ тілінің ғылым тілі ретінде әлемдік кеңістікте орнығуы қажеттігін жеткізсе, 2025 жылы қаңтарда «Ana tili» газетіне берген сұхбатында қазақ тілін жасанды интеллект саласына енгізу қажеттігіне тоқталған еді. Бұл тапсырмаларды жүзеге асыруда еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Президентіміздің қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру туралы тапсырмасына сәйкес, былтыр университетіміздің ұйытқы болуымен, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Түркістан облысының әкімдігінің қолдауымен «Қазақ тілі – ғылым тілі» деген басты тақырыппен ауқымды симпозиум өткіздік. Сөйтіп, ғалымдар мен тіл жанашырларының, сарапшылардың басын қосып, дәстүр және инновациядағы қазақ тілінің өзекті мәселелерін талқыладық.

Алғашқы басқосу туралы көп жазылды, көп айтылды, симпозиумның маңызы жоғары екенін көпшілік ұғынды. Сондықтан бастамамызды дәстүрге айналдырып, 200 ғалымның басын қосып, жуырда ғана «Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» атты II халықаралық симпозиумын өткіздік. Бұл басқосу – тек ғылыми жиын емес, мемлекеттік саясатқа үн қосқан ауқымды қадам деп білеміз. Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген ғалымдармен, тіл мамандарымен бірлесе отырып, қазақ тілінің ғылыми кеңістіктегі келешегі туралы келелі ойлар айтылды.

Ең қуантарлығы, елімізде тіл тақы­рыбы төңірегінде жүйелі жұмыс істеп келе жатқан барлық жетекші мекемелер мен ұйымдар симпозиумға серіктес болып, қолдау көрсетті. Атап айтар болсақ, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, Қазақстан қоғамдық даму институты сынды өзге де бірқатар ғылыми зерттеу және сараптамалық мекемелер бұл бастаманы бірлесе жүзеге асыруға белсенді атсалысты. Іс-шараның ақпараттық қолдауы да ерекше болды, «Egemen Qazaqstan» мен «Ana tili» газеттері симпозиум қарарын толықтай жариялап, «Түркістан ТВ» жиыннан жақсы хабарларды таратып отырды. Бұл – қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі болашағы тұтас қоғамның ортақ міндетіне айналғанын көрсететін айқын мысал. Бізді осы нәрсе қуантады.

Айта кететін тағы бір жайт, симпозиум аясында алғаш рет «Қожа Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесін ұйымдастырдық. Бұл – тек көрме емес, ғылымдағы жаңа буынның үнін естірткен ерекше жоба болды. Көрмеде университетіміздің 14 жас ғалымының жетістіктері мен зерттеу бағыттары ұсынылды. Күн электр стансасы, полимер қалдықтарын қайта өңдеу, медициналық инновациялар, филология және өнер саласындағы зерттеулер – бәрі де жастардың ғылымдағы ізденістерінің кеңдігін көрсетті. Әрбір суреттің жанында QR-код арқылы зерттеуші туралы толық ақпаратқа қол жеткізуге болады. Бұл бастама жас ғалымдарды қолдауға бағытталған университет ұстанымының жарқын мысалы.

Қазіргі таңда университеттер тек дәстүрлі білім мен ғылымның ордасы ғана емес, сонымен бірге креативті индустрияны дамытуға бағытталған инновациялық алаңға айналды. Заман талабына сай өнер, медиа және дизайн бағыттары бойынша мамандар даярлау, жаңа идеяларды қолдау және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру – университетіміздің бас­ты басымдықтарының бірі. Осы орайда симпозиум аясында тағы бір жақсы туындыны көпшілік назарына ұсындық. Бұл – «Мың заман – бір Түркістан» қойылымы. Бұл қойылым – «OzgeEpic» креативті хабы мен университетімізде биыл құрылатын өнер, медиа және дизайн факультетінің бірлескен жобасы.

Жастардың ғылымға бет бұруы университеттің ішкі экожүйесінде де көрініс тауып жатыр. «Yassawi Startup» инкубациялық бағдарламасы аясында 400-ден астам студент пен қызметкер кәсіпкерлік пен инновациялық жоба­ларға тартылып, 30 жоба әзірленді. Бүгін­де олардың бірқатары өндіріске енгізіл­ді. Сонымен қатар халықаралық рейтингтерде университеттің беделі артып, QS Asia University Rankings тізімінде ТОП-200 қатарынан көрінгені – ғылыми беделіміздің нақты көрсеткіші.

Университетте дәстүрлі түрде өтетін «Yassawi Winter School» қысқы мектебі де жас ғалымдар мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамы­ту­ға бағытталған. Бұл алаңда респуб­ликамыздағы жетекші спикерлер мен зерттеу методологиясы бойынша сарапшылар дәріс оқиды. Дәрістер тек теориялық негізде ғана емес, практикалық жобалармен ұштастырылып өткізіледі. Мектепке қатысқан оқытушыларымыз бен ғалымдарымыз бұл жобаның ғы­лым­­ға терең бойлап, жаңа идеяларды жүйелі зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналғанын айтады.

Университетіміздегі ғылыми-зерттеу қызметінің қарқыны халықаралық деңгейде де оң бағасын тауып отыр. 2024 жылы университет ғалымдарының «Scopus» және «Web of Science» базаларында 221 мақаласы жарық көріп, оның ішінде Q1 санатындағы 101 мақала жарияланды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Университетте жарық көретін 7 ғылыми журналдың барлығы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған тізімге енді. Сонымен қатар жаңа ғылыми басылымдар – «Turkic Historical Studies», «Yassawi Journal of Health Sciences», «International Journal of Environmental Science and Green Technology» журналдары ресми түрде тіркеліп, алғашқы сандарын шығарғалы жатыр. Ғылыми басылымдарымыз жаңа бір кезеңге қадам басып отыр.

Оқу орнымызға қарасты 7 ғылыми зерттеу институты мен орталықта да қарқынды жұмыс жүргізіліп келеді. Олардың арасында экология, археология, түркология, ботаника, нанотехнология, тұрақты даму және ясауитану бағыттары бар. Осы институттардың бастамасымен халықаралық жобалар, өңірлік зерттеулер мен ғылыми форумдар жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Заманауи университеттің 3 миссиясы бар деп үнемі айтамыз. Олар – білім беру, ғылыммен айналысу және қоғамға пайдалы болу. Сондықтан ғалым­да­рымыз тек іргелі ғылыммен ғана емес, қоғам үшін пайдалы қолданбалы зерттеулермен де айналысады. Мәселен, Түркістан өңірінде биотехнологиялық өнім өндірісі жолға қойылып, экология­ны жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асып жатыр. Медицина саласында да бірнеше ғылыми жоба қолға алынып, диагностикалық орталық­­тар­мен интеграцияланған түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі – ғы­лым­ды тек теориялық деңгейде қал­­­дыр­­май, нақты жағдаяттармен байла­ныс­тыруға жасалған маңызды қадамдар.

Ғылым жолында қызмет еткен тұлға­ларды құрметтеу де университет мә­дениетінің бір бөлігіне айналды. Соңғы жылдары университеттің бастамасымен ҰҒА академигі Лесбек Тәшімов, халық әртісі Райымбек Сейтіметов, ғалым Рахманқұл Бердібай секілді елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімімен дәрісханалар мен залдар ашылып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатыр. Мұның бәрі еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру, ғылымды насихаттауға бағытталған игі бастамалар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Озық ойлы ұлт боламыз десек, ғылымға баса мән беруіміз керек». Біз тек академиялық көрсеткіштермен ғана шектелмей, ғылымды қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруды мақсат тұтамыз және осы бағыттағы тың бастамаларымызды жалғастыра береміз.

 

Жанар ТЕМІРБЕКОВА,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры