Тұлға • Бүгін, 08:55

Ғұмыр парасаты

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Редакция. Әдеттегі жұмыс күндерінің бірі. Кенет «Әбіш ағаның ұлы Әулет дүниеден өтіпті» деген суық хабар жетті. Бас редакторымыз Амантай Шәріп бізді қасына ертті де, едел-жедел қаралы шаңырақты бетке алды. Барсақ, төрде алып Әбіш – дана Әбіш Кекілбайұлы шынтағымен маңдайын сүйенген қалпы күйреп отыр екен. Келген-кеткен кісіде шаруасы жоқ, жаңа ғана бақилыққа айналған баласы жөнінде бір сөзді қайталай берді: «Бүкіл өмірімнің «мозговой центрі» еді ғой». Әлбетте, өмірдің өктем шындығы – тұтқиыл ажал тұқыртпай қоя ма?

Ғұмыр парасаты

Әңгімені әп дегеннен әлгіндегі көріністен бастаудың екі себебі болып тұр. Әуелгісі, ғұлама Әбіштің әр сәтінің ақ қағазға қаттала бергені жөн-ақ. Екіншісі, ұпайлы аңғарып, ұдайы мойын­дайтыным: Амантай Жарыл­қасынұлы өзімізді жас тілші кезімізден ресми-бейресми көп ортаға тартып, көп жайсаңға таныстырды. Елордалық ұғымға еркін енуімізге елеулі үлес қосты.

Алаштың екінші Ақаңы атанған Ақселеу Сейдімбектің қазасына орай отбасына көңіл айтқан сәтінде де ұқсас жағдай орнап еді. Төргі бөлменің табалдырығынан байқағаным: қазақтың небір игі-жақсысы жиналып отыр екен... Ақселеу ағайды ақтық сапарына ат­тандырған табыттың бір шетін ұстаса шықтық. Ақ тілек аға­лар­дың жанында жүрмесе, біз­дей қаңғалақтаған жас пендеге мұндай «мүмкіндіктің» оңай­лықпен бұйыруы екіталай-ау.

* * *

Дүниеде баламасыз байлық­тың бірі – адам адамның қадіріне жете білуі. Осынау ізгілік атаулыны баспасөзде орайымен әдемі көтеріп жүрген аға буынның санатында танымал қаламгер Бауыржан Омарұлы дараланып тұратыны даусыз. Бұл тұрғыда заманауи әлеуметтік желінің өзін сәтті қолдануы жан сүйсінтеді. Оның қай-қай жазбасынан да ізгілік нұры есіп, «адамзаттың бәрін сүйген» жанашырлық сезіледі. Мәсе­лен, осыдан тура он жыл бұрын бүгінгі академик Бауыржан Омарұлы әріптесі Амантай Шәріптің жарты­­ғасырлық мерейі құрметіне «Төрт тоғыс» атты жинақ құрастырып шығарды. Талғамының бәсі биік. Шектеулі тиражбен жарық көрсе де, кітапта мерейгердің адами қырлары жан-жақты қамтылды.

* * *

Логиканы жандай жақсы көреміз. Алайда математикаға о кісінің құштарлығы бізді­кінен әлдеқайда ыстық. Тіпті жоғары білім жолын «нақ­ты ғылымдардың атасынан» бас­таған екен. Бастауын бастаған... бірақ қара өлеңге, көркем сөзге құмарлығы есепке деген елең­деушілігінен жоғары кернеулі көрінгенге ұқсайды.

Институттағы «алғашқы махаббаты» туралы жуырдағы жылдар жүзінде қысқа да нұсқа жазғаны бар: «Міржақыптың математика мектебі»! Әуелі конференция баяндамасы ретінде әзірленген жұп-жұмыр мақала. Мұнда сұңғыла білімдарлықпен қатар сол баяғы құштарлық ұшқындайды. Әйтпесе, математиканы білгір филологтің бәрі математикше, филологияны білгір математиктің бәрі филологше түсіндіре алмасы анық.

* * *

Арман артынып Астанаға келген кезіміз еске жиі оралады. Оралған сайын ен елордадан алғаш танығандарымның бірі Амантай Жарылқасынұлынан ой айналдырып өту қиын. Оның талантты ғалым – талдампаз мәтінгер, талғампаз мәнер­шіл­дігін ілімдес әріптестері әлі талай таразылар. Біздікі – өзара басшы-қызметкер, автор-оқырман, аға-інілік қарым-қатынасымыздан көкейге ілінген кей жайттар туралы лебіз білдіру ғана.

Тамыз тамылжып тұр. Астана әкімдігі жанынан шығатын «Астана хабары» газетінің редакциясын бағдарға ұстап жүріп келеміз. Студент кезімізден-ақ аты бар басылымның тілшілігін жауапты хатшылығына қосып, әжептәуір уақыт атқарып келген «амбициямыз» жұмысқа орналасатынымызға қылаудай күмән түсірместен, сыбырлап қояды: «Қабылдағанда да қуана қабылдар!». Жеттік. «Желтоқсан, 28/1». Бас редактор бөлмесіндеміз. Қожайын аз-кем әңгімеден соң күлімсірей сөйлеген күйі «корректор» қызметін ұсынды. Біз ми ашытып, әуре болмастан бас тарттық.

Келесі күні қайта айналып келдік. Келісетінімізді біл­дір­мекпіз – есесіне басшы айнып қалыпты: «Қабылдап, тілдесетін уақыт жоқ. Маңайдан аулақ жүрсін!». Ми ашыды. Әбден ашыды – басқа барар жер, басар тау жоқтай көрінеді. Ақы­ры «әке, көкелеп» жұмысқа қа­былдандық-ау. «Жібек орамал кепкеннен» кейінгі сөзінен ұққаным мынау болды: «Қызмет адамды емес, адам қызметті көр­кейтеді. Алашқа тұтқа бол­ғандай талай ағаларымыз толысып, қалыптасқан кездері­нің өзінде қилы-қилы жолдан өткенін, айлап жұмыссыз жүргенін ұмытпауымыз керек...». Бұл бас редактор мыр­заның қолында бар картасын бұлдағаны емес, жас маманға берген тәлімі еді. Айтпақшы, сол күн Бейжің олимпиадасы алауы тұтануымен сәйкес келді, күнтізбеде 08.08.08. тұрғанынан, сол күні газет қайтадан «Астана ақшамы» атауымен шыға бас­тауынан символикалық жылу сезінгендейміз.

* * *

Табиғи жаратылысының өзегі – ғалымдық. Онысы әр әре­кетінен, ой-пайымынан айқын аңғарылады. Әсіресе біз байқаған бас редактор Амантай Шәріптің мәтін тексеру мұқияттығы – жөні бөлек әңгіме. Екі сөйлемдік газеттік хабарламаға тақырып қою үшін екі сағат ойлануға бар. Ойлау жылдамдығы шабан­дығынан дей алмаспыз, әрине. Ғалымдық адалдықтан сіңіргені.

Қазақ қара сөзіне көзқа­расы кірпияз қаламгер Мақсот Ізімұлының былай дейтіні есімде: «Амантайдың сөздерінің арасына қыл сыйғызу қиын. Ол ол ма, бір сөзін алып тастасаң, жазғаны түгел ақсап қалатындай қаланып тұрады».

Академиялық алымдылығы ұшан-теңіз энциклопедиялық әңгімелерінен еш жасырына алмайды. Жанына жақын тақы­рыптың тіні тарқатылғанын ұқсаңыз, әлден-әзір тоқтай қоя­рына үміттенбеңіз. Тыңдай беріңіз, тыңдай түсіңіз. «Уақыт», «кеңістік» сынды ұғымдар ұмы­тыл­ғаны абзал. Ұмытады да, ұмыт­тырады да.

Желбір-жекен жазуға сараң. «Ағамын ғой» деп әрпіл-тәрпіл «көсемсуден» ада. Адам ретінде жөнді-жөнсіз ақыл тықпалаудан аулақ. Бойынан ғаламат біліміне жат аңғалдық, алғаусыз балалық аңғарылуы әбден ықтимал.

* * *

Жан сарайымыз интуиция­шыл. Алайда ол кісінің түйсік тереңдігі оңайлықпен бойлатпайды. Филолог-студенттердің әлі күнге дейінгі үстелүсті­лік кітабы «Сөз өнерінде» автор шығармашылық адамына аса қажет қабілеттер санатында интуицияны ерекше атаушы еді. Осы бір жапырақтай жазбаның кейіпкері – табиғатынан түйсіктал азамат. Онысы ұстазы академик Зейнолла Қабдолов әлгіндей деген­­діктен ғана емес шығар.

Айтпақшы, бұл күнде Аман­тай Шәріп өзі де – Ұлттық ғылым академиясының академигі. Бірақ оның нендей сезім екенін өзінен әзірге сұрай қоймадық. Сұрар едік-ау, «басымыз бәлеге қалып», газетке жазба дайындау ниетімізді аңдап қалардай көрінді. Онымен қоймай, шынайы лебізіміз жария­ға шыққанына қарсы бо­луы­нан сақтандық. Өйткені оның қарапайымдылығы, ұстам­ды­лығы қызық қуған әсіреқызылға әбден жат.

* * *

Сөзімізді сәтіне қарай Әбіш ағамен байланысты бастағанбыз. Әбіш ағаға қатысты тәмамдауға да пейілдіміз.

Құрметті ағамыз Жапсарбай Қуанышевтың естелік-әңгімесі бар еді. Ресми лауазымында ол кісі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлының кеңесшісі бол­ған тұлға ғой. Әбіш ағасын алпыс жасқа толған туған күнімен құт­тықтау үшін қызметтегі жа­қын-жуығы жиналады. Хатшы­лықтағы әріптестеріне ризашы­лық білдіре келе, мерейтой иесі сөз арасында «Адам бала­сы, негізі, бәрі­нен шаршайды екен ғой» деген сыңайдағы көңіл күйін білді­реді. Әлбетте, «Ойлы адамға қы­зық жоқ бұл жалғанда». Десек те... қазақ бала­ларының жасы алпыс­тан асса да, санасы санаққа сыймаса да, еш шаршамауын тілек ете­міз. Сондай жағдайда ғалым, қаламгер Амантай Шәріп ең­бектерінің бірін­де пайдаланатын «Күлтегін» жазуын­дағыдай, «...бек ұлдары құл бол­мас, пәк қыздары күң бол­­мас» елдігіміз нығая, зорая түсер еді.

 

Ерболат ҚАМЕН,

«Qazcontent» АҚ төрағасының орынбасары