Елорда • Бүгін, 08:35

Ауданда аула абаттандырылды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласы «Байқоңыр» ауданында жыл сайын тұрғын үйлер жөндеуден өтіп, аулалар абаттандырылады. Қаланың шырайын ашатын нысандар салынады. 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында алғашқы 3 аула жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

Ауданда аула абаттандырылды

Үш аулада да балалар ойын алаңдары жаңарып, дене шы­нықтыруға таптырмайтын workout орындары сайланды. Тұр­ғындардың демалуына жайлы аймақтардың ажары кіріп, аула­лар түгел жарық­тан­дырылды. «Байқоңыр» ауда­нында барлығы 249 аула бар болса, былтыр осының ішінде 132 ауланың аумағы абаттандырылыпты. Оның 60-ы кешенді абаттан­дыру болса, 72-сі жөндеу-қал­пына келтіру жұмыстары екен. Аудан әкімдігі әр ауланы абат­тандыруға кіріспес бұрын тұрғын үйдің аумағын, ересект­ердің, балалардың үлесін бәрін-бәрін нақтылап алған. Сосын барып тұрғындардың өті­ніші, ұсынысы негізінде керек-жарағын түгендеген. Яғни аула тұрғындары айт­қан ойын алаңшаларын, дене шы­нықтыруға қолайлы жаб­дықтарды орнатып берген.

Біз мереке қарсаңында сал­танатты түрде ашылып, пай­далануға берілген Республика даңғылы №30 үйдің ауласына бардық. Үй тұрғындары, ойын балалары аулаға шығып, шат-шадыман көңіл-күйде. Не­мере-шөберелерін ертіп жүр­ген Гүлбаршын Оразбаева көп­тен күткен ауланың қайта жаңғырғанына дән риза.

ап

– Осы үйдің бірінші подъезі-нен үй сатып алғанымызға 4 жыл­дан асып барады. Сол жылдары үй­дің ауласы, кіреберісі, шатыры бәрі-бәрі ескі еді. Енді, міне, пәтер иелері кооперативінің төрағасы Диана бастап, үйдің жыртығын жамап-жасқап жатырмыз. Жертөледен бастап үйдің шатырына дейін жөндеп алдық. Ауламыз адам көргісіз еді. Оны да бірер аптаның ішін­де жөндеп берді. Енді не­мере-шөберелеріміз келсе, өзге аулаға сенделмей, осында қарап отыратын болдық. Өзімнің 11 шөберем бар. Ауламыз біз секілді қариялардың да аз-кем тынығып алғанына жайлы екен, – дейді Гүлбаршын әжей.

Аула маңында тұрғындардың басын қосып, Республика даң­ғылы №30 үйдің төңірегін жаңар­туға бастамашы болып жүр­ген пәтер иелері коопе­ра­тивінің төрағасы Диа­на Ыды­рысованың өзін жолық­тырдық.

– Бүгін аула тұрғындары үшін айтулы күн. Өйткені көптен күткен балаларға арналған ойын алаңшасы ашылып жатыр. Енді ауламыз қауіпсіз әрі балаларға да ересектерге де жайлы орынға айналды. Былтыр «Байқоңыр» ауданының әкімдігіне тозығы жеткен ауламызды абаттандыру туралы өтініш қалдырған едік. Көп ұзамай әкімдік біздің ауланы да жоспарға енгізді. Осы үйдің тұрғыны ретінде өтінішімізге назар аударған аудан әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Бірлесіп іске асырған жұмыстың арқасында үйдің аула­сы жаңарып қалды,– дейді үй тұрғыны Диана.

Аудан әкімдігінің хабар­лауын­ша, абаттандыру жұмыс­тары ауданның басқа да аумақ­тарында қызу жүріп жатыр. Биыл ауданда бас-аяғы 88 аула­ның аумағын абаттандыру жос­парланыпты. Оның 18-і кешенді абаттандырылса, 70-інде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталады екен. Бұл жөнінде «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімінің басшысы Рахат Дулат­ұлынан толғырақ сұрап-білуге тырыстық.

– Биыл «Байқоңыр» ауданында 88 ауланы абаттандырамыз деп жоспарладық. Оның ішінде 18 аула толығымен жаңарады. Яғни күрделі жөндеуден өтеді. Қалған 70 ауланы толық жа­ңартпасақ та, ішінара жоғын тү­гендейміз. Мереке қарсаңында Республика даңғылынан бөлек, Абай көшесі №28, №30 үйлердің де ауласы қайта ашылып жатыр. Республика даңғылы №30 үйдің ауласы жөндеуден өтпе­геніне 10 жылдан асыпты. Ескінің барлығын жаңарттық. Ере­сектердің де спортпен ш­ұғыл­дануына мүмкіндік жасадық. Асфальтты қайта төседік. Осы­ның барлығын жұмысшылар 20 күнде тындырды. Былтыр осы үйдің маңындағы №28-үйдің де ауласын жаңартқан едік. Сонда көрші үйдің тұрғындары да ауласын абаттандыруға өті­ніш қалдырған. Енді биыл сол тұрғындардың да өтініші орындалып отыр, – дейді Р.Дулатұлы.

Осы күні ауланың ашылу салтанатына қатысқан «Байқоңыр» ауданының әкімі Талғат Рах­манберді тұрғындардың алғы­сын естіп, талап-тілегін тың­дады. Балалар аудан әкімдігі ұйым­дас­тырған ойын-сауық бағ­дар­ламаға қатысса, тұрғындар аулаға өздері шағын дастарқан жайып, балаларды тағы бір қуантты.