
Алматы және Түркістан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен өткен кешке еліміздің белгілі өнер майталмандары – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, күйші-композитор Секен Тұрысбек, республикалық конкурстардың жүлдегері Айғаным Шұғай, Мәдениет саласының үздігі Бибігүл Қилымхан қатысты. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Ақжауын» камералық оркестрі мен «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі өнер көрсетті. Кеш барысында қазақ музыкасының алтын қорына енген жауһар туындылар орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай Сарыағаш ауданында «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблінің «Тұран рухы» атты шығармашылық кеші өтті. Халықаралық үлкен сахналарда өнер көрсеткен «Саялы Сарыағаш» ұжымы 1996 жылы мәдениет майталманы, ұлттық өнердің жанашыры Әбләзім Жаншуақовтың бастамасымен құрылған болатын. Бүгінде еліміздің мәдени өміріндегі айтулы өнер ұжымдарының біріне айналған ұлт-аспаптар ансамблі 2000 жылы Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындаушыларға арналған облыстық «Аққу» байқауында жүлделі І орынды иеленгені өнерсүйер қауымның есінде. Ансамбльдің басты ерекшелігі – ұжым құрамындағы алты өнерпаз бір ғана шығарманың өзінде әрқайсысы бір уақытта бірнеше аспаптың құлағында еркін ойнайды. Домбыра, қобыз, шертерден бастап 15-ке жуық ұлттық аспап түрі бар. Репертуарындағы 40-тан астам туындының қатарында халық әндері мен күйлері, Құрманғазы, Дәулеткерей, Шернияз, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды композиторлардың әндері мен шығармалары орындалып жүр. Ансамбльге 2008 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен «Халықтық» атағы берілді. Ал 2011 жылдан бастап ансамбль заман талабына сай қайта құрылып, этно-фольклорлық бағытқа бет бұрды. Ұжым ұлттық өнерді халық арасында кеңінен насихаттап, дәстүрлі өнердің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Шығармашылық кеш көрермендерді ерекше сезімге бөлеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Түркістан облысы