Жаңа радио 1999 жылдан бері тыңдарманға жақсы таныс «Астана» радиосының базасында құрылды және 101.4 FM жиілігінде хабар таратуды жалғастырады.
«Jibek Joly» − ең талғампаз аудиторияға арналған музыка мен еркін сұхбат, өзекті контент алаңы болмақ. Радио жаңа таланттарды таныстырып, Қазақстанның заманауи музыкасын ілгерілету форматтарын енгізеді.
Жас музыканттардың, стендап-комиктердің, блогерлер мен медиатұлғалардың қатысуымен жаңа шоулар ұсынылады. Ал «Jibek Joly» ән фестивалінде Қазақстанның жаңа музыкалық буын өкілдері тыңдарманын қуанта түспек. Олардың әндері радионың бірегей авторлық плейлисіне қосылады.
Сонымен бірге, «Jibek Joly» радиосы хабар тарату аясын кеңейте түсіп, Орталық Азия елдерінің танымал орындаушыларымен коллаборация жасауды көздейді. Радио трансшекаралық музыкалық жобаларды іске қосу, мәдени бастамаларды біріктіру және өңірдің біртұтас медиакеңістігін нығайту сияқты өршіл мақсаттар қойып отыр.
Радио 7:00-ден 01:00-ге дейін жұмыс істейді. Күн сайын сағат 7:00-де Жасұлан Айсағали мен Дильбар Жұмекенова тікелей эфирде «Таңғы Эспрессо» шоуын өткізеді. Радионың бас редакторы Бекнұр Нұрмағанбет пен жүргізуші Қырмызы Жандосова «JJ PRIME» кешкі шоуын жүргізеді. Сондай-ақ күнделікті 8:00-ден 20:00-ге дейін әр сағат сайын өзекті жаңалықтар беріліп отырады.
Ертең алғашқы мерекелік таңғы эфирді ҚР Президенті Телерадиокешені «Jibek Joly» телеарнасының жұлдызды жүргізушілері – Айгүл Мүкей мен Әнуар Кәрбозов жүргізеді.