Субсидия • Кеше

Баспанаға берілетін субсидияны қайта қарау ұсынылды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, ауыл тұрғындарына арналған баспана салу субсидиясына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Баспанаға берілетін субсидияны қайта қарау ұсынылды

Фото: Parlam.kz

Сауалда 2023 жылы қабылданған, жұмыс берушілердің ауылдық жерде қызметкерлеріне тұрғын үй салу шығындарын субсидиялау бағдарламасының кемшін тұстары айтылды. Мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысының 50 пайызын өтеу қарастырылғанымен, бұл бастаманың жүзеге асуында бірқатар қиындықтар туындап отырғаны белгілі болды.

Атап айтқанда, қазіргі талаптарға сәйкес, аудандық және облыстық орталықтарда, сондай-ақ агломерация құрамына кіретін елді мекендерде салынған үйлер бұл бағдарлама аясында субсидияланбайды. Дегенмен, Батыс Қазақстан облысындағы кейбір аудандарда фермерлік шаруашылықтар ресми түрде аудан орталығына қарағанымен, шын мәнінде ауылдық жерде орналасқан. Бұл жағдай олардың бағдарламаға қатысуына кедергі келтіріп отыр.

Сонымен қатар, депутат субсидия көлемінің нақты шығындарға сай келмейтінін атап өтті. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, әрбір тұрғын үйге берілетін субсидия 5 млн теңгеден аспайды. Алайда, 2023 жылы Батыс Қазақстан облысында 1 шаршы метр тұрғын үйдің орташа құны 284 136 теңге болса, алдағы жылдары бұл көрсеткіш 340 мың теңгеге жетуі мүмкін. Осыған байланысты, 100 шаршы метрлік тұрғын үйдің құны 34 млн теңгеден асып жығылуы ықтимал.

 «Қағазда бар, өмірде жоқ» деген мысал – дәл осы жағдайға тән. Егер бұл мәселе түбегейлі шешілмесе, ауыл – жайлы мекен емес, босап бара жатқан кеңістікке айналады», дейді депутат.

Осы ретте депутат субсидиялау талаптарын қайта қарауды ұсынды. Атап айтқанда:

  • Өңірлік ерекшеліктер мен құрылыс шығындарының өсуін ескере отырып, субсидия мөлшерін арттыру;
  • Ресми түрде аудан орталығына жататын, бірақ іс жүзінде ауылдық сипаттағы елді мекендерді бағдарламаға қосу;
  • Өңірлердегі инфрақұрылым мен шығындарды ескере отырып, сараланған қолдау жүйесін енгізу.

Депутаттың пікірінше, бұл шаралар бағдарламаның тиімділігін арттырып, ауылдық өңірлердің дамуына серпін бермек.