Өнер • Кеше

Сыр бойындағы театрлар салтанаты

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының елге қызмет етіп келе жатқанына 70 жыл толып отыр. Осыған орай Қызылордада ұлы өнерге өлшеусіз үлес қосқан сахна саңлағы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Сәбира Майқанованың рухына арналған «Сырдың Сәбирасы» атты бірінші халықаралық театр­лар фестивалі ұйымдастырылды.

Сыр бойындағы театрлар салтанаты

1967 жылы Нартай Бекежанов есімін иеленген өнер ұжымы талай биікке қол жеткізді. Бас­тауында әр ауылдан жиналған та­ланттарды топтастырған өнер ұжымының шаңырақ тіктегеніне 70 жыл толуына орай орталық алаң­­да өткен халықаралық театр­лар фести­ва­лінің салтанатты ашы­луында қызыл кілем үстімен Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Халық әртісі, Қазақстан театр қай­рат­кер­лері одағының төрағасы Тұң­ғыш­бай Жаманқұлов, Грузия, Румы­ния, Қыр­ғыз­стан мен елі­міз­дің әр өңірінен келген сахнагерлер жү­ріп өтті.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құт­тықтау сөз сөй­леп, мәдениет және руханият саласында атқа­рылған жұмысқа тоқталды.

«Өткен жылы өңірде жария­ланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 аудан­да ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, ел игілі­гіне қызмет етіп жатыр. Облыс орталығында «Шығармашылық ака­демиясы», «Саутс Ойл» ком­паниясының демеушілігімен му­зы­калық колледждің жаңа ғи­мараты, тари­хи-өлкетану музейі бой көтеріп келе­ді. Аталған нысандар жақын күндері іске қосыл­мақ», деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты кеште аймақтың мәде­ниет саласына елеулі үлес қосқан сала маман­дары марапатталды. Асанәлі Әші­мов жылы лебізін білдіріп, Тұңғыш­бай Жа­ман­құлов Қазақстан театр қай­рат­­керлері ода­ғының «Дара» ме­далін та­быс етті. Фести­валь қо­нағы Сәбира Май­қа­но­ваның кызы Гүлдәр Әбділқызына да сыр­­­бо­йы­лықтар атынан құрмет көрсе­тіл­­ді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ба­қыт­бек Алпысбаевқа «Па­расат» ордені табыс­талды

Халықаралық фестивальға Гру­зия, Румы­­ния, Қырғызстан ел­де­­рінен келген өнер ұжым­­дары­мен қатар, Ұлытау, Абай, Ақтө­бе, Аты­рау, Жетісу, Қостанай және Ал­­ма-ты өңірлерінің театрлары қатысты.

БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Асанәлі Әшімов бас­таған қазылар алқасы мен фес­тивальді ұйымдастырушылар ай­­мақтағы басты өнер мерекесі та­лантқа деген құрметтің көрінісі екендігін атап өтті.

«Мен Қалибек Қуанышбаевтың қолына су құйғанымды мақтан тұтамын. Сәбира Майқанова апама сахнада серіктес болып, өнердің биігін бірге бағындырғанымды тағдырымның ең үлкен сыйына балаймын. Сәбира – сахнаның шынары еді. Оның есімі қазақ театр тарихында алтын әріппен жазылды», деді Асанәлі Әшімұлы.

Фестиваль бағдарламасында шетелдік театр ұжымдарының қойы­лымдарымен қатар, соңғы жылдары еліміз сахналарында кө­рінген туындылардың енуі отан­дық драматургия мен режис­серлік мек­тептің үздіксіз дамып, жаңашыл ізде­ністерге жол ашыл­ғанын көр­сетті.

«Театр сыны да қоғам дамуына қарай өзгеріске ұшырап отыратыны белгілі ғой. 90-жылдардан бастап театрлар үшін жаңа шығармашылық мүмкіндік ашылып, таңдау аясы кеңейді. Театр мен сыншылар арасындай байланыс үзіліп қалған еді, қазір сол қайта жанданып келеді. Алдыңғы толқынның ізін басқан қазіргі сыншылар шоғыры жер-жердегі театрлармен байланыс­ты нығайтты», дейді Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің жетекшісі, өнертану кандидаты Анар Еркебай.

Қазылар алқасы құрамындағы Ш.Рус­та­вели атындағы Грузия мем­лекет­тік театр және кино уни­вер­ситеті профес­соры, өнер­тану докторы Лаша Чхарти­ш­вили, И.Арабаев атындағы Қырғыз мем­­лекеттік университетінің өкілі, халық­ара­лық театр сыншылары бірлестігінің вице-президенті Элео­нора Турдубекова талантын құр­­меттеген елдің бұл бастамасы бас­қаларға үлгі болса деген тілек айтты.

Еліміздің әр түкпірі мен шетелден келген 11 театр ұжымы өнер көрсететін халық­аралық фестиваль шымылдығын Н.Беке­жанов атындағы академиялық драма театры өнерпаздары А.Ос­тров­скийдің «Найзағай» дра­ма­сымен ашты.

Режиссер Дина Жұмабаева қорғансыз нәзік жанның махаббат хикаясы негіз болған әйгілі туындыны бүгінгі өмірге мейлінше жақындатыпты. Қойылымның өн бойында көне мен жаңаның тайталасы, қайшылықтар көзқарасы бар. Қамқор болып көрінген жан­ның көңіл түкпіріне жасырған аяр­лығын, керісінше қатал мінез­дің астарындағы қайырымды көрдік.

Сахна әуеніндегі қайталанып тұратын ырғақтар өмірдің әр сәтін есепке алып тұрған сағат тықылы секілді. Жиі өзгеріп тұратын сахна көріністерінің бірінде үстел үстіндегі түйіншектерді тасыған әр кейіпкер өз маңдайына жазылған пешенесін арқалап жүргендей көрінді.

Жергілікті өнерпаздардардан кейін Эльвира Годяну атындағы румын театры­ қызылордалық көрер­менге Эдуардо Де Филиппоның «Marriage and Divorce» драмасын ұсынды. Осылайша, көрермен апта бойы фестивальға жиылған өнер ұжымдарының қойылымын тамашалады.

Сәуірдің соңғы аптасы мәң­гі өлмес өнер иесі Сә­бира Май­қанованың рухы Сыр аспа­нында қалқып тұрғандай болды...

 

Қызылорда