Қоғам • Кеше

Тарих тағылымы – тәрбие өзегі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетауда «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Тарих тағылымы – тәрбие өзегі

Алаш даласындағы асқан  ерлік, рухани мол мұра, мәнді мәдени асыл қазы­наларды дәріптеуге арналған конференция облыс орталығындағы Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етумен басталды. Қазақ халқын аса күрделі, өте қиын ХҮІІІ ғасырда бір тудың астына біріктіріп, сақтап қалған ұлы Абылай хан тұлғасын зерделеуді мақсат еткен конференцияда ханның жорықты жолдарынан сыр шерту, Ресей және Моңғолия жеріндегі қандастарымыздың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, сонау Абылай заманынан бастап абыз Тоныкөкке дейінгі кезеңде өмір сүрген баһадүр батырлардың ерлік істері туралы айтылды. Ханның жорықты жолдарымен жүріп өтіп, теңіздің түбінен маржан тергендей ыждағатты еңбек етіп, есте жоқ ескі кезеңнің дәйекті дерегін жинаған өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлы жинақтаған «Абылай ханның қара жолы» кітабы­ның үшінші, төртінші томдарында тың деректер топтастырылған. Үшінші томда Ұлытау өңірі, Жошы ұлысы, Алтын орда, Қазақ хандары, әз-Жәнібек, Әбілқайыр, Абылай, Сұлтан Бейбарс, Алаш арыстары, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Шәрәпи Әлжанов, Әлімхан Ермеков тәрізді тұлғалар туралы тың деректер топтастырылған. Төртінші томда Ресей мен Моңғолия жеріндегі қандастардың өмірі мен шығармашылығы ұлы түркінің құнды мұраларына қатысты зерттеулер мен жолжазбалар жинақталған.

– Бүгінгі конференцияның маңызы өте зор, – дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, – қазақ даласында Абылайдың рухы жүруі керек, әділетті Қазақстанды толық орнату үшін Абылайша ойланып, Абылайша толғануымыз қажет. Кейінгі ұрпақ туған елін, жерін сүюі үшін баһадүр бабаларымыздың мәңгі өлмес ерлік істері мен рухани байлығы арқылы тәрбиеленген жөн.

Қос кітаптың тұсауын Түркиядағы Мимар Синан көркемөнер универ­сите­тінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, түркітанушы Әбдіуақап Қара мен Вашингтон университетінің профессоры Талант Мауқанұлы тәрізді азаматтар кесті.

Тарихи маңызы өте зор, рухани терең мазмұнға ие болған конференция барысында отандық және шетелдік ғалымдардың орынды ой-пікірлері көпшілікті бейжай қалдырмаса керек. Ұлттың өршіл рухын ұлықтайтын тарихи жадымызды жаңғыртып, уақыт шымылдығынан аршып алған мазмұнды жиын болды бұл!

 

Көкшетау