Қылмыс • 29 Сәуір, 2025

«Шерзат» ісі: алғаш рет марқұм Нұрқанат Гайпбаевтың жауабы жария етілді

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорғанда қоғам назарын аударған «Шерзат» қылмыстық ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Бүгінгі отырыста алғаш рет қайтыс болған Нұрқанат Гайпбаевтың тергеу барысында берген жауабы жария етілді. Прокурор Дана Сәрсенбай марқұмның көрсетулерін сотқа таныстырды.

«Шерзат» ісі: алғаш рет марқұм Нұрқанат Гайпбаевтың жауабы жария етілді

Нұрқанат Гайпбаев өзінің жауабында оқиға орнында екі әйел адамның болғанын айтып өткен. Оның сөзінше, олардың бірі дүкеннің есігін сыртынан жауып тұрған, ал екіншісі көліктен пышақ әкеліп, оны күдіктілерге берген. Сонымен қатар, марқұм мылтықты өзі әкелмегенін, оған қарай оқ атылғанын және кейіннен қаруды күдіктілердің қолынан көргенін мәлімдеген.

Осыдан кейін сотта куәгерлер ретінде Талғат Әшірбай мен Әділ Тілеубекұлы тыңдалды. Екі куәгер де марқұм Нұрқанаттың қолында мылтық болғанын растады. Жалпы, бүгінгі отырыста он шақты куәгерден жауап алынды. Олардың арасында күдіктілердің таныстары, бұрынғы сыныптастары, сондай-ақ айыпталушылардың бірін ұстаған патрульдік полиция қызметкерлері болды.

Сот процесінде кәмелетке толмағандардың жауаптары бейнежазба арқылы көрсетілді. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырғандықтан, процестің әр кезеңі жіті назарда болуда.