
Фото: Видеодан алынған скрин
Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе 9 айыпталушы бар, оның ішінде 1 азамат кәмелет жасына толмаған.
Бүгінгі сот отырысында 3 қазан күні кешкі кезекшілікте болған Талғар аудандық полиция басқармасының қызметкері Д. Құрамысов куәлік етті.
Оның айтуынша, Менделеев көшесіндегі «Қамажай» дүкені маңындағы төбелес туралы хабар полицияға сағат 00:42 -де түскен.
«Хабарланғаннан кейін 7-8 минутта оқиға орнында болдық. Оқиға жеке телефонға хабарланды. Оқиға орнында 4-5 бала жүрді. Не болғанын сұрадық. Бір баланың басы қанап тұрды. Жедел жәрдем шақырып күте тұр дедім. Сол жерде үлкендер, тұрғындар төбелес болып, мылтықтың дауысы естілгенін айтты», деді куәгер Д. Құрамысов.
Сондай-ақ, куәгер полиция қызметкері Д. Құрамысов оқиғаға қатысқандарды ұстау туралы хабар алып, Рысқұлов ауылында Вольсваген гольф көлігі қалай табылғанын айтып берді.
«Вольсваген гольф көлігі Рысқұлов ауылында табылды. Біз келгенде ішінде ешкім болмады. Кейін Дархан Аскентай үйлердің арасынан шықты. Келгенде Вольсваген гольф көлігінің артқы және алдыңғы терезелері сынғанын көрдік. Дархан Әскентайдан алкогольдік ішімдік иісі шығып тұрды. Бір көзі көгеріп, іскен еді. Менделлев көшесіндегі «Қамажай» дүкені маңындағы төбелеске қатысы бар-жоғын сұрадық. Ол қатысы бар екенін айтты», деді Талғар аудандық полиция басқармасының қызметкері Д. Құрамысов.
Қазір сот отырысында желтоқсан айында денесі табылған марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеудің бастапқы кезеңінде берген түсініктемесі көрсетіліп жатыр.