
Сурет: senate.parlam.kz
Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында белгілеп берген этносаралық қатынас саласындағы міндеттерге назар аударды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісім саласындағы бірқатар маңызды бастаманы айқындап берді. Бұл ретте «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының өңірлермен өзара іс-қимылын одан әрі нығайту және жалпыұлттық бірлік идеяларын ақпараттық тұрғыдан белсенді түрде дәріптеу қажет екені айтылды. Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің аталған бағыттағы рөлін де ерекше атап өтті. Осы орайда сенаторлардың елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және Әділетті Қазақстан қалыптастыруға қажетті берік заңнамалық база құруды көздейтін жұмысы айрықша мәнге ие», деп палата төрағасы әріптестерін Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы іске асыру жолында одан әрі белсенділік танытуға шақырды.
Сонымен қатар сенаторлар осы аптада өтетін комитет отырыстарында қаралатын тақырыптарды пысықтады. Атап айтқанда, депутаттар әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық қамтамасыз ету, Ұлттық қор қаражатын басқару тиімділігін арттыру, жылу энергетикасы және ветеринарлық қызмет саласын дамыту мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды жүзеге асыру аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Іс-шарада депутаттар мүдделі тараптармен бірлесіп, аталған саладағы түйткілдерді шешу және оны дамыту тетіктерін талқылайды.