«Таза Қазақстан» • 29 Сәуір, 2025

Бейбітшілік және келісім саябағында ағаш егілді

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары мен аппарат қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілікке қатысты.

Бейбітшілік және келісім саябағында ағаш егілді

Бейбітшілік және келісім саябағында өткен іс-шараға 200-ге жуық адам қатысып, шаған және басқа да көпжылдық ағаштар­дың көшеттері отырғызыл­ды, саябақтың аумағы тазар­тылды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміз үшін мұндай экологиялық акциялардың маңызды екеніне назар аударды.

«Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясында сөйлеген сөзінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына баса мән берді. Мемлекет басшысы бұл бастама өскелең ұрпақтың бойына дұрыс құндылықтарды сіңіруге және оларға озық білім мен тәлім-тәрбие беруге септігін тигізетін игілікті іс екенін айтты. Сондай-ақ аталған акция, шын мәнін­де, шынайы отаншылдықтың көрінісі екені анық. Бүгін дәл осындай құраммен Бейбітшілік және келісім саябағында сенбілік өткізуіміздің символдық мәні зор деп есептеймін. Өйткені биыл Астанада рухани және халықтық дипломатияны іл­герілетуге ықпал ететін Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының VIII съезі өтеді», деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасы саябақ­тағы орталық инсталляцияда жүргізіліп жатқан жұмыстар­дың барысымен танысты. Демалыс орны биыл Астанада өтетін «Діндер диалогі: бола­шақ жолындағы синергия» атты Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының VIII съезі аясында ашылады деп жоспарланып отыр. Палата спикері әріптестерімен бірге осы мәселені де талқылады.

Бейбітшілік және келісім саябағының негізін 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысушылар қалады. Олардың қатарында Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайеб, Израильдің бас раввиндері және әлемдік діндердің басқа да өкілдері бар.