«Таза Қазақстан» • 27 Сәуір, 2025

Алматылық жастар Кеңсай зиратында тазалық жүргізді

80 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Кеңсай зиратында жастардың қатысуымен тазалық және абаттандыру акциясы өтті.

Алматылық жастар Кеңсай зиратында тазалық жүргізді

Шара барысында студенттер, еріктілер мен жастар ұйымдарының мүшелері Ұлы Отан соғысының ардагерлері, майдангерлер, жазушылар мен қоғам қайраткерлері жерленген зират маңын тазалап, гүл шоқтарын қойды.

Акцияның мақсаты — ел қорғаған ерлердің рухына тағзым ету, жастардың тарихи санасын қалыптастыру және отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың тарихқа деген құрметін арттырып, ерлік пен елдіктің маңызын ұғындыруға бағытталған.

«Батырлардың ерлігін мұндай акция кезінде ғана емес, үнемі есте ұстаған жөн. Қабірлердің тазалығы – олардың мұрасына деген ризашылығымыз бен құрметіміздің белгісі», - деді Алматының бас имамы Төлеби Оспан.

Мемориалды учаскелерді тазалауға ЖОО студенттері, еріктілер қозғалыстарының мүшелері, Алматы қаласындағы діни ұйымдар мен этномәдени орталықтардың өкілдері де үн қосты.

1

«Бұл жай сенбілік емес. Соғыс ардагерлері мен ата-бабаларымыз халықтың жадында мәңгі қалады. Жастар сол ерліктің қандай биік рух пен қайсарлықты талап еткенін білуі керек. Бұл біздің тарихымыз», – дейді Түрксіб аудандық коммунити орталығының директоры Қадырбек Файзуллаев.

Аға буынның ерлігіне құрмет көрсеткен жастарға ұйымдастырушылар алғыс білдірді.  Айта кетсек, бүгін Алматыда «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілік тұтас қала аумағын қамтыды.