Пікір • 26 Сәуір, 2025

Ассамблеяның жасампаз қадамы

140 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдары елімізде қоғамдық келісімнің өзіндік үлгісі қалыптасып, этностық негізде туындайтын келеңсіз жағдаяттардың дамуына жол бермеді. Бәрімізге белгілі, бұл жетістік мемлекетіміздің этносаралық қатынастар саласында көпұлттылыққа басымдық берген салмақты да байсалды саясат жүргізуінің нәтижесі еді.

Ассамблеяның жасампаз қадамы

Қазақстан халқы Ассамблеясын құру қоғамдық тұрақтылықты, бірлік пен келісімді нығайтуға, мемлекет құрау­шы қазақ ұлтының айналасына біріккен 120-дан аса этнос өкілдерінің мәдениетін сақтауға бағытталған сая­сатының көңілге қонымды жалғасы болды.

1995 жылы 1 мамырды «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойылуы этносаралық келісімді сақтау басымдығына негізделген елдің стратегиялық даму бағытын растады. Бұдан әрі әзірленген Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң, Қазақстан халқының ұлттық бірлігі доктринасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ереже оның заңдық ресімделуін және одан әрі серпінді дамуын қамтамасыз етті. Бұл құжаттар бостандық, теңдік пен келісім, қоғамның барлық мүшесін өзара құрметтеу және қолдау идеалдарына, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығына, тегіне, әлеуметтік, лауа­зымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасы мен нанымына байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу­ге негізделген этносаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын бекітті.

2007 жылы Конституцияға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізіліп, ҚХА-ға өз өкілдерінен 9 адамды Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліске депутат ретінде сайлау құқығы берілді. Осы­лайша, Ассамблея конституциялық мәртебеге ие болды. 2008 жылы оның ма­териалдық базасын нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры құрылды.

Жалпыұлттық бірлік пен келісімнің маңыздылығы айрықша назарда тұра­тынын 2015 жылды Ассамблеяға 20 жыл толуына орай «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жария­лау тағы бір растады. Мұндай шаралар халықты одан әрі біріктіріп, этнос­аралық қатынасты үйлестірудің отандық тәжірибесіне халықаралық жұртшылықтың назарын аударды және «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы», «Үлкен ел – Үлкен отбасы», т.с.с. бірқатар жобаның табысты іске асырылуын қамтамасыз етті.

Ортақ тарих негізінде қазақтар мен басқа этностардың көмегімен ортақ қиыншылықты еңсеру барысында полиэтностық Отанымыздың бірлігін сақтау мен нығайтудағы маңызды қадам  – 2016 жылдың 1 наурызында Алғыс айту күнін мереке ретінде атап өту болды. Бұл мереке қалың бұқара халықтың ара­сынан қолдау тауып, нәтижесінде тұрақ­ты түрде тойланып, Ассамблеяның қайы­рымдылық іс-шарасы оның ажырамас бір бөлігіне айналды.

ҚХА қоғамдық келісім мен жал­пыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, отандық патриотизмді қалып­тастыру, мемлекеттік тілді және басқа да этнос тілдерін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесті. Ол этносаяси мәселелер бо­йынша заң жобаларының қоғамдық-саяси сараптамасына, елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің елімізге тән моделін наси­хаттауға, ағартушылық және баспа қызметін жүзеге асыруға, этносаралық қатынастар аясында мониторинг жүр­гізуге қатысып отырды. Ассамблея қазақ диаспорасы мен ирредентасына ана тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтау мен дамыту бойынша қолдау көрсетіп, оның тарихи Отанымен байланысын нығайтуға, келіспеушіліктер мен даулы мәселелерді реттеуге, этносаралық қатынастар саласындағы жанжалды жағдайлардың алдын алу бойынша ұсы­ныстар әзірлеуге және практикалық шараларды іске асыруға ықпал етті.

Былтыр көктемдегі су тасқыны кезінде Ассамблея еріктілер қозға­лысы мен қайырымдылық жұмысы­ның көшбасшысына айналды. Президент өз мәлімдемесінде: «Ассамблея кейбір адамдардың ай­­тып жүрген тек қағаз жүзіндегі декорация­лық ұйым емес екенін, ке­рісін­ше ұлтымыздың бірлігі мен ын­ты­мақтас­тығы құндылықтары­ның бас­тау­шысы екенін тағы да көрсет­ті. Менің Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының су басқан аудандарының тұрғындарымен кездесулерімде олар ҚХА мүшелеріне өздерінің жанаршырлығы мен уақтылы көрсеткен көмегі үшін ризашылық­та­рын білдірді», деуі – соның айқын айғағы.

ҚХА мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам жүйесіне біріктірілген институт болып саналады. Мемлекеттік салаға қатысу өңірлік деңгейді қоса алғанда, Президентпен, әкімдермен және салалық атқарушы органдармен байланыс арқылы көрінеді.

Әлемдік қоғамдастық ҚХА қызметін ерекше көзқараспен зерттеп келеді. Біздің тәжірибемізбен танысу үшін Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Болгария, Армения, Канада, Оңтүстік Корея, Польша, Мажарстан, Финляндия және әлемнің басқа да елдерінен өкілдіктер өтініш білдірді. Қазақ елінің үлгісі бойынша осындай қоғамдық құрылымдар ТМД-ның бірқатар елінде, атап айтқанда, Қырғызстан, Молдова, Ресей және оның субъектілерінде (Шешенстан, Саха, Башқұртстан, Татар­стан т.б.) құрыла бас­тады. Сондай-ақ еліміздің ҚХА тәжірибесі халықаралық сарапшылардың да жоғары бағасына ие болып келеді.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

ҰҒА академигі