
Ассамблея – елдің тұтастығы мен тыныштығы жолында құрылған құрылым. Ол еліміздің әрбір азаматының теңдігін, өз еліне сенімділігін қамтамасыз етуді мақсат тұтты. Қазақ – ежелден теңдікті ту еткен халық. Қазақ теңдікті көтереді, бірақ кемдікті көтермейді. Сондықтан да Ассамблея сол халықтың болмысына сай құрылып, елдің рухани бірлігін бекемдеуге бағытталған.
Отыз жылдың ішінде Ассамблеяның шарықтаған шағы да, саябырсыған кезі де болды. Кейінгі жылдары мемлекеттік тілге, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа көңіл бөлініп, әсіресе жастардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы артып келе жатқаны қуантады. Бұл – дұрыс бағыт. Бірақ менің арманым – осы ұйым алғаш құрылған күннен бастап түрлі этностар қазақтың төңірегіне топтасып, қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтеп, осы жердің иесі қазақ халқына құрметпен қарап өмір сүрсе деген ниет еді. Енді, Құдайға шүкір, ол да біртіндеп жүзеге асып келе жатыр. «Көш жүре түзеледі» дейді қазақ, мен соған сенемін. Әлде де көңіл толмайтын тұстар бар, бірақ олар да ретімен ыңғайланады.
Жалпы, салыстырмалы түрде алып қарасақ, еліміз бейбітшілігімен, достығымен, кеңпейілімен өзгелерден озық тұр. Қазақ – даласындай дарқан халық. Оның кеңдігі – тегінен, тектілігі – бабасынан. Бізді 1944 жылы жер аударып әкелгенде, қазақ халқы бізге қабағын шытқан жоқ. Сол қиын-қыстау заманда барын бөлісіп, жылы сөзін аямады. Қазақ өзгенің жанын ұғып, жүрекпен түсіне білді. Сталин жылатқан халықты қазақ жұбата білді. Мен осы халықты сондықтан ерекше бағалаймын.
Ал енді осы тыныштықты сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Ұлтқа қызмет ету ұранмен емес, шынайы әрекетпен көрінуге тиіс. Жеке бастың мүддесінен бұрын, ұлттың мүддесін биік қойғанымыз абзал. Сонда ғана біз нағыз елге адал ұл-қыздар боламыз. Мен барлық азаматты ел болашағы үшін бірігіп әрекет етуге шақырамын. Ұлттық бірегейлікті сақтау, мемлекеттік тілді ұлықтау, ортақ тарих пен тағдырды құрметтеу – бұл баршамызға ортақ жауапкершілік.
Қазақ – осы елдің ұйытқысы. Қазақтың төңірегіне топтасу – ұлтты ұлықтау емес, елді біріктірудің жолы. Мемлекеттік тіл – өзегіміз. Біз осы рухпен, осы ниетпен алға басуымыз керек. Ассамблея сынды ұйымдар соның дәнекері бола алады. Сондықтан бұл құрылымның жұмысы жанданып, жаңа серпінмен дами түссе екен деймін. Ел ішінде татулық пен тыныштық салтанат құрсын! Құдай тек көп көрмесін! Қазақтың жері аман, елі бүтін болғай!
Асылы ОСМАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері