
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жас буынға экология тақырыбында білім беріп, санасына ізгіліктің дәнін себуге бүкіл әлем құлшынып отыр. Қалалар көбейіп, инфрақұрылым мен өндіріс дамыған сайын экологиялық мәселелер қиындап барады. Жаһандық жылыну, табиғи ресурстардың сарқылуына да бейжай қарауға болмайды. Бүгінгі бөбектер есейгенде қай салада еңбек етсе де, табиғатты аялау керегін ұмытпағаны жөн. «Жасыл балабақша» жобасының негізгі мақсаты – осы. Бүгінге дейін елдегі 80 мектепке дейінгі білім мекемесі «Жасыл балабақша» жобасына қосылыпты. Жоба аясында шамамен 20 мыңнан аса балдырған өсімдіктерді тәрбиешілермен бірге күтіп-баптайды. Өсімдіктермен, жануарлар әлемімен танысады. Балабақша ауласына гүлдердің, көкөністер, жеміс-жидектің небір түрін отырғызады. Сондай-ақ балалар қалдықты сұрыптауды үйренеді. Суды, электр энергиясын тиімді пайдалану туралы түсінік қалыптастырады. Осылайша, балдырғандар экологиялық мәдениеттің алғашқы дағдыларын үйренеді. Көрінген жерге күл-қоқыс тастамай, қоршаған ортаны таза ұстаудың қадір-қасиетін бала жастан біліп өседі. Таным көкжиегі кеңейеді.
Жобаның тағы бір артықшылығы – балалар тек теориялық біліммен шектелмейді. Табиғат аясында экология тақырыбына қатысты ойын ойнайды. Бақша өсімдіктерін егудің қыр-сырын меңгереді. Еккен дәннің қылтиып көтерілгенін, көгергенін, кейін піскенін бәрін-бәрін бақылайды. Бұл тәжірибе баланың еңбекке қызығушылығын оятып, жауапкершілігін арттыруға септеседі. Осындай сәтті мысалдың бірін Тараз қаласындағы мектепке дейінгі ұйым көрсетіп отыр. Балабақшаның шағын жылыжайында балалар құлпынай өсірген. Оқу-ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманованың айтуынша, жаңа тәсіл балалардың экологиялық мәдениетін ерте қалыптастыруға көмектеседі.
– Жобаның бала болашағына пайдасы көл-көсір. Балалар табиғатты қорғаудың маңызын ұғып, қоршаған ортаға жанашыр болып жетіледі. Өсімдіктерден бөлек, құстарға, жәндіктерге қамқорлық танытуды үйренеді, – дейді М.Ерманова.
Баланың экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар дамуына көмектесетін жобаны елдегі басқа да балабақшалар қолдап, қатар толығып жатса, нұр үстіне нұр. Өйткені мұндай балабақшалардың тәжірибесі әлемде оң нәтиже беріп келеді.