Сурет: inbusiness.kz
Топ отырысына Көлік прокуратурасының, Көлік, Ішкі істер министрліктерінің, Техникалық реттеу және метрология комитетінің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының лауазымды тұлғалары қатысты.
Отырыста халықаралық автокөлік тасымалдары және көлік құралдарын тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қатысты мәселелер қаралды. Агенттіктің осы салада жүргізген бақылау іс-шаралары нәтижесінде мерзімдердің сақталмауы, артық құжаттардың талап етілуі, негізсіз бас тартулар және қызмет көрсету тәртібінің бұзылуына қатысты 1 800-ден аса бұзушылық анықталды.
Талқылау барысында өтінімдерді қарау мерзімдерінің кешігуіне, тасымалдаушылар жұмысының қиындауына себеп болып отырған ақпараттық жүйелердегі жиі техникалық ақаулар, уәкілетті органдар мен сала өкілдері арасындағы іс-қимылдардың жеткіліксіз ашықтығы және үйлесімсіздігі сынды жүйелі мәселелерге ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысында ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және оларды интеграциялау бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Агенттік мемлекеттік қызметтер сапасын бақылау және қызмет алушылардың құқын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастырады.