
Жобаның мақсаты – Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қазақстандықтардың ерлігі мен жанкештілігі туралы болашақ ұрпаққа құнды ақпараттарды жеткізу. Порталда кең көлемді мәліметтер базасы бар. Сайтта қазірдің өзінде 677 мыңнан аса соғыс ардагері, оның ішінде 365 Кеңес Одағының батыры, 4 екі мәрте Кеңес Одағының батыры және 19 «Даңқ» орденінің кавалері туралы ақпарат жинақталған. Интерфейс қажетті ақпаратты табуға ғана емес, сонымен қатар ардагер туыстары туралы деректерді қосуға, жаңалықтармен танысуға мүмкіндік береді. Осылайша, бұл портал тарихты болашақ ұрпақ үшін сақтап, батырларға тағзым етіп, құрмет көрсетуге арналған платформа қызметін атқарады.
Онлайн-порталды пайдаланушылар сайтқа майдангер туысының тарихын, естеліктерін, фотосуреттерін, жаңа мәліметтерін оңай енгізе алады. Сондай-ақ батырлар галереясын көре алады. Сайтта қазірдің өзінде көптеген батырдың өмірбаяны жазылған галерея бар. Кез келген қолданушы бұл бөлімнен олардың өмірі мен жасаған ерліктері туралы көбірек ақпарат алады. Веб-порталда ардагерлерге және жобаға қатысты жаңалықтар мен оқиғалар тұрақты түрде жарияланып тұрады.
Айта кетейік, Жеңістің 80 жылдығына орай республикада 200-ден аса іс-шара ұйымдастырылады.