
Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының мұрағаты еліміздегі кино-фото-фоноқұжаттарда Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша бірегей материалдарын сақтап отырған бірден-бір аудиовизуалды мұрағат. Cондай-ақ, посткеңестік кеңістіктегі ең көлемдісі саналады. Еліміз тарихы бойынша аудиовизуалды құжаттарды толықтыру, сақтау және пайдалану саласында шетелдік архив, ғылыми және мұражай мекемелерімен белсенді ынтымақтасып келеді. Архив қорында 1940-1950 жылдардағы Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасын айғақтайтын кино-фотоқұжаттар сақталған.
Архив директоры Ілияс Ысқақов Қазақстан мен Америка зерттеушілеріне ортақ тақырыптарға тоқталып, АҚШ конгресінің кітапханасымен аудиовизуалды құжаттармен алмасу және көрме қызметі саласындағы бірлескен қызмет туралы атап өтті. Өз кезегінде АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулы Мишель Еркін екі елдің аудиовизуалды коллекцияларында мәдени байланыстар тарихын дәріптеу мен кәсіби мұрағаттық байланыстарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсету бойынша бірлескен жұмыстарға қызығушылық танытса, Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы саяси ынтымақтастық басқармасының жетекшісі Алмаша Аренова мәдениет, білім, ғылым саласындағы ықпалдастық аясында архив қорларындағы осы елдерге тән тарихи деректерді зерттеу ісінің маңызын атап өтті.
Кездесуге консулдық қызметкерлері Хира Кор Камбож, Ерасыл Төлеуғазинов, Айгүл Қасымова, Меруерт Болтаева қатысып, «Мұрағат 2025» бағдарламасы бойынша анықталған бірегей кино-фото және фоноқұжаттардың түпнұсқаларын сақтау, цифрландыру саласындағы мұрағатты аралап көрді. Сондай-ақ, 1944-1968 жылдары Қазақ КСР мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық тарихын сипаттайтын фотокөрме, сирек кездесетін кинокадрлармен танысты.
Кездесуде екі елдің архивтері арасындағы ынтымақтастықты жандандыра отырып, еліміздің ұлттық цифрлық архивін дамыту мақсатында АҚШ-тың ұлттық архив және құжаттама басқармасымен (NARA) архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасуы, архив ісі және цифрлық архивтер саласындағы бірлескен жобаларды дамыту көзделген.
Алматы