Жоба • 25 Сәуір, 2025

Ерекше жандарға арналған «Úmit» жобасы үздік атанды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тараздық оқушылар ойлап тапқан «Úmit» стартабы Орталық Азиядағы жасанды интеллект жобалары арасында жеңімпаз атанды. Бәсі биік «AICA Awards» 2025 байқауына бес мемлекеттен 60-тан астам жоба қатысқан. Солардың арасынан суырылып шығып, сайыстың бас бәйгесін иеленген отандық стартаптың пайдасы ұшан-теңіз, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ерекше жандарға арналған «Úmit» жобасы үздік атанды

Úmit – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақылды құрылғы. Осы жүйенің арқасында толық сал болып қалған адам да кітап оқып, жұмыс істей алады, тіпті бағдарлама жазып, дизайн жасайды. Аталған құрылғы тіл мен бастың қозғалысы арқылы смартфон мен компьютерді басқаруға, мүгедектер арбасын жүргізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – құрылғы жасанды интеллектпен жабдықталған. Яғни ол адамның әрекетін тек орындап қана қоймай, не істегісі келетінін алдын ала болжайды. Мысалы, пайдаланушы тікбұрыш сызғысы келсе, ЖИ пішінді өзі-ақ түзетіп береді, не болмаса экрандағы батырманы дәл табуға көмектеседі.

Жоба негізін қалаушылар алғашқы идеяны нақты өмірден алған. Олардың жақын туыстары арасында сал ауруына шалдыққандар болған. Команда мүшелері оңалту орталықтарында зерттеу жүргізіп, тіпті өз қатарластары арасында да смартфон қолдануға мүмкіндік іздеп жүрген жастардың бар екенін білген. «Сол кезде бұл – жай ғана технология емес, қоғамға қажет шешім екенін ұқтық», дейді жобаның негізін қалаушы Қанат Тәжіхан.

Құрылғыны жасау барысында команда сенсорларды басқару, уытсыз әрі ыңғайлы материал табу, шағын әрі қуатты микрочип дайындау сияқты көптеген қиындықтарға тап болған. Соған қарамастан, олар екі жыл ішінде алғашқы прототипті дайындап, кейін жасанды интеллектпен жетілдірілген жаңа нұсқасын шығарды. Команда алдағы уақытта құрылғыны толық автоматтандырып, қолдануға барынша ыңғайлы етіп жасамақ, Сонымен қатар, инвесторлар мен серіктестер тартып, Úmit-ті халықаралық нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.