
Фото: Ерлан Омар
Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойып, Үкімет резервінен шамамен 1,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізіп, оның іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында бөлініп отыр.
«Бөлінген қаражат «Көкшетау жылу» кәсіпорнының технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін және бақылау-өлшеу аспаптарының далалық деңгейін және ссу жылытатын тозаң көмір қазандығының автоматикасын, сондай-ақ қазандық агрегатының қыздыру беттерін реконструкциялау, қазандық агрегатының ауа жылытқыштарының текшелерін жөндеу, технологиялық ресурсы таусылған жабдықтардың бірліктерін жөндеу және ауыстыру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға бағытталады», делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, Көкшетау қаласының жылумен жабдықтау жүйесі негізінен №1 аудандық қазандық (мазут) және №2 аудандық қазандыққа (көмір) сүйенеді. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 188,7 шақырымды құрайды, оның ішінде 51 км — магистралды, ал 137,7 км — орамішілік желілер. Бұл желілердің көпшілігі 1977 жылдан бері пайдаланылып келеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаржының есебінен 6 шақырым магистралды желі жөнделіп, №2 және №3 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде жылу жүйелеріндегі тозу деңгейі 45%-дан 43%-ға дейін төмендеп, технологиялық ақаулар саны 62 жағдайдан 47-ге дейін қысқарды.