Аймақтар • 25 Сәуір, 2025

Жапония еліміздегі зерттеу жобаларына $2 млн бөледі

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президенттің ядролық кластер құру туралы тапсырмасына сәйкес Алматыдағы Ядролық физика институтында «Қазақстандағы атом саласының сын-қатерлері мен даму барысына» арналған дөңгелек үстел өтіп, ғалымдар технологияларды өндіру, кадр мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жапония еліміздегі зерттеу жобаларына $2 млн бөледі

Директор, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Саябек Сахиевтың айтуынша, уранды байыту, атом электр стансасын салу тәжірибеміз болмағанымен, институт ғалымдарының бәсекеге қабілетті технологияларының экспорттық әлеуеті жоғары. Атом саласын дамытуда маңызды рөлге ие институт базасында таяу уақытта Ядролық кластер құрылмақшы. Атом саласындағы ғылыми-зерттеу институттары, АЭС және өндірістік кәсіпорындар, университеттер, реттеуші органдар шоғырланатын кластер ядролық энергетика мен технологиялар саласындағы өзара тығыз байланысқан құрылымдардың біріккен жүйесіне айналмақ.

–  Энергетикасы бар елдің – ертеңі бар. Экологиялық таза энергетика өндірудің жолы –  АЭС. Қазіргі кезде институт базасында энергетика ғана емес, барлық салада бейбіт атомды қамтитын ядролық кластер құруға дайындық жасалып жатыр. Президент жанынан Ядролық энергетикалық агенттік құрылып, оның бастамасымен ядролық кластер құруға 640 млрд теңге қарастырылып отыр. Онда алғашқы шикізаттан бастап, байыту, отын жасау, АЭС-те қолдану, ядролық отын қалдықтарын қайта өңдеу,  сонымен қатар медицина, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты экономиканың кез келген секторында қолдануға қажетті өндірістерге қажетті технологияларды өндіру жоспарда тұр. Жақында Жапониядан өкілдер келіп, ССР-Қ реакторында болашақ энергетиканың қажетті бағыттарын анықтап, қосымша зерттеулер жүргізу келіссөздері басталды. Бұл мақсатқа жапон тарапы 2 млн доллар қаржы бөлгелі отыр. Соңғы жылдары 56 атом реакторына мамандар даярлап отырған Францияның I2EN компаниясымен әрістестік жобалары да дамып келеді, – деп атап өтті С.Сахиев.

Қазіргі кезде институтта білікті мамандар даярлау ісіне қолайлы жағдай жасалған. Онда зерттеу реакторы, критикалық стенд, әртүрлі типтегі үдеткіштер, сондай-ақ Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) қолдауымен үш оқу орталығы жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде бейбіт атомды экономиканың кез келген саласында кәдеге жарату институттың ғалымдары мен инженерлерінің алдында тұрған маңызды міндет. Директор атап өткендей, мысалы елімізбен табиғаты ұқсас келетін Канадада өндірілген өнімнің 8-10 пайызы ғана ысырап болатын болса, көрсеткіш біздегі шаруашылықтарда 40 пайызды құрайды. Осы бағытта жобаларды іске асыра бастаған институт ғалымдары сондай-ақ, таза су тапшылығы туындап отырған кезеңде кәріс суын кәдеге асырудың да технологиясын жасап шығарды. Кіші қалаларда кәріс суларын қайта өңдеп, ауылшаруашылығында пайдалану, техникалық су деңгейіне жеткізу технологиялары дайын. Шетелдерден түрлі жолдармен келіп жатқан зиянкестерді химиялық емес, радиациялық жолмен өңдеу әдісі де институт мамандарының жылдар бойғы жұмысының жемісі.

Қазіргі кезде атом электр стансаларының жылдар бойы сәулеленіп жататын қалдықтарын, радиоизотоптарды болашақта пайдалану технологияларын қарастырып жатқан институт ғалымдары бұл бағытта мол тәжірибесі бар Франция мен Ресей елінен кейінгі өндірісте өз орнын еншілеп алмақшы. Осыған байланысты «Қазатомпром» компаниясына  ұсыныс жасалып, ендігі кезекте қаржылай қолдау табатын болса, институт ғалымдары мен инженерлері жасап шығарған технологиялары әлемдік нарықта танылары анық. Бұл межеге жетуді мақсат етіп отырған институт мамандары жасаған технологиялар, онкологиялық ауруларды диагностикасы мен емдеуде қолданылатын радиофармпрепараттар соңғы жылдары елімізде ғана емес, шетелдер тарапынан жоғары сұранысқа ие. МАГАТЭ тендері аясында өндірілген молибден-99/техниций-99 генераторлары Қырғызстанда пайдаланылып жатса, кобальт-57 Ресей, Германия, Францияның нарығына экспортталады.

Дөңгелек үстелде модератор, ССР-Қ  бас инженерінің орынбасары, PhD Асхат Бекбауов еліміздің энергетикалық болашағына арналған ғалымдар басқосуында талқыланған тақырыптардың өзектілігін, институт базасында ядролық энергетика құру бағытында жүзеге асып жатқан жобалардың маңызын атап өтті.

Президент жанындағы ҰҒА вице-президенті Дидар Батыршев атом саласына арналған «Ядролық физика», «Ядролық физика және атом энергетикасы», «Атом электр станциялары мен қондырғылары», «Ядролық медицина» бойынша білім беру бағдарламалары туралы баяндады. Айтуынша, бір ғана ядролық физика мамандығы бойынша соңғы жеті жылда 54 PhD дәрежесі берілген. InCites (Web of Science) аналитикалық платформасының деректеріне сәйкес, былтыр ғалымдар «Ядролық физика» және «Ядролық инжиниринг» салаларында 79 ғылыми мақала мен шолу жариялаған. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 53-орынды иеленіп отыр, бұл 2019 жылмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеуді көрсетеді.

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Физика-техникалық ғылымдар институты директорының орынбасары PhD Бақытжан Оразбеков университеттің ғылыми-зерттеу ядролық энергетика саласындағы бағыттарымен таныстырып, «Ядролық инженерия» немесе «Ядролық технологиялар» бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу қажеттілігін атап өтті. Өндіріс пен ғылымның интеграциясы, ғылымдағы бюрократиялық кедергілер, білім беру мазмұнына институционалдық өзгерістер қажет екенін айтып, жаңа буын оқулықтарын әзірлеу мен шет тіліндегі оқулықтарды аудару механизмін пысықтау қажеттігіне қатысты пікір білдірді.

Ядролық технологиялардың қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-техникалық орталықтың директоры Ирина Тажибаева бұл тек техникалық қана емес, сондай-ақ еліміздің атом энергетикасын орнықты дамытудағы шешуші фактор екенін атап өтсе, «КАЭС» ЖШС-нің жетекші инженері Асуан Сиябеков өз баяндамасында атом электр стансасын салу, іске асыру кезеңі мен халықаралық тәжірибеге тоқталды.

Ядролық физика институты базасында ядролық кластер құру тұжырымдамасымен бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Евгений Ермаков  таныстырды. Атап өткендей, ядролық кластер – бұл іргелі және қолданбалы ядролық ғылымды, ядролық технологияларды және кадрлар даярлауды қамтитын, елдің атом энергетикасын тиімді қалыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі. Кластер шеңберінде жаңа ғылыми-өндірістік кешендерді құру, жаңа зерттеу реакторын салу, сондай-ақ институттың қолданыстағы инфрақұрылымы жаңартылады. Қазіргі уақытта медициналық радиоизотоптар өндіруге арналған циклотрон кешенін салу, жас мамандарға арналған жатақхана құрылысы, ССР-Қ реакторының арнайы желдету жүйесін және ядролық криминалистика орталығын құру жұмыстары іске асып жатыр.

Іс-шара барысында сарапшылар атом саласын дамытудың өзектілігімен қатар тарифтік саясат, экологиялық тәуекелдер, атом энергетикасының төмен көміртекті экономикаға көшу үдерісіндегі рөлі туралы зерттеулері және  ұсыныстарымен бөлісті.

 

АЛМАТЫ