Сенат • 25 Сәуір, 2025

Тауар өндірушілерді қолдауға арналған заң мақұлданды

60 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар отандық тауар өндірушілердің қызметіне қатысты заңды қарады. Сондай-ақ отырыста депутаттық сауалдар жолданды.

Тауар өндірушілерді қолдауға арналған заң мақұлданды

Өндірілген тауарлар есепке алынады

Сенат төрағасы, алдымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясында ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді атап өтті. Мәулен Әшімбаев қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, осы бағыттағы бастамаларды іске асыруға барлық ел азаматтары күш жұмылдыруы қажет екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының реформалар бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Сенат қызметінің негізгі басымдығы екенін еске салып, палата жұмысының алдағы бағыттарына тоқталды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассам­блеясының сессиясында сөйлеген сөзінде аталған институттың ел дамуындағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғам институттары­ның этносаралық қатынастар саласындағы тиімділігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Бұл міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының және жалпы Сенаттың назарында болады. Осы бағытта депутаттардың барлық мүдделі тараппен жүйелі диалог құруының маңызы зор, – деді М.Әшімбаев.

Бұдан соң палата отырысында сенаторлар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

– Мақұлданған заң отандық тауар өндірушілерді қолдау сала­сындағы тетіктерді одан әрі жетіл­діруді көздейді. Атап айтқанда, заң арқылы жаңа отандық тауар өндірушілердің тізімін жүргізу­дің қағидалары мен ережелері айқындалды. Олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтер де енгізілді. Сондай-ақ ірі тапсырыс берушілерге елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеу­ге қатысты қосымша ережелер көзделген. Заң отандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге оң ықпалын тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат спикері.

Осы құжат арқылы 3 кодекске және 19 заңға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, отандық тауар өндіруші, қарсы міндеттемелер, цифрлық верификация бағыттары айқындалды. Уәкілетті орган отандық тауар өндірушілердің тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеп, бекітеді. Сондай-ақ осы тізілімді жүргізудің жаңа функция­лары толықтырылды. Көрсетілген тізілімді қосу және одан шығару тәртібі де бар. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік орган тауар­лардың ұлттық каталогін жүргі­зу қағидаларын әзірлейді және бекітеді, онда тауарларды тіркеу жөніндегі функция енгі­зіл­ген. Тиісті заң тауарларды, жұ­мыстар мен көрсетілетін қыз­ме­ттерді сынып­таудағы бірізден­діру­дің бірың­ғай жүйесін қамтамасыз ете­тін тауар­лардың, жұмыстар мен көрсе­тілетін қызметтердің жалпы сынып­тауышын жүргізу жөніндегі норма­лармен толықтырылды.

Тізілімді қалыптастырудың жаңа тетігі қолданысқа енгізілгенге дейін берілген тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жарамды.

 

Күріш шаруашылығын зерттеуге кедергі көп

Палата отырысында алғаш­қы болып депутаттық сауал жол­­даған Андрей Лукин моно­по­лияға қарсы тергеулер жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқық­тары жиі бұзылатынын айтып, алаңдау­шылық білдірді. Оның айтуынша, кейінгі уақытта бизнес өкілдері негізсіз тексерулер жүргізілетінін айтып жиі шағымданады.

– Мұндай әрекеттер әділ бәсе­келестікті қалыптастыруға кедергі болып отыр. Әсіресе шағын және орта бизнес заңның тек формалды түрде орындалуын емес, логикаға сай, ашық әрі мемлекетпен өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты күтеді, – деді сенатор.

Ал Руслан Рүстемов Арал өңі­ріндегі күріш шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін көтер­ді. Ол Ыбырай Жақаев атын­дағы Қазақ күріш шаруашы­лығы ғылыми-зерттеу институты мемлекеттік қолдауға зәру екенін алға тартты.

Сенатор Президент ауыл ша­руа­шылығы қызметкерлері форумында ауыл шаруашылығы ғылымын, соның ішінде тұқым шаруашылығын дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өткенін еске салды. Алайда қаржыландырудың тұрақты болмауынан және техникалық база­ның ескіруіне байланысты күріш шаруашылығы институтының әлеуеті толық пайдаланылмай келеді. Сондай-ақ қаржы бөлінетін ғылыми-техникалық тапсырмаға орай жарияланған конкурстар шартына Арал өңірінің су тапшылығы жағдайына бейімделген күріш және басқа да дақылдардың жаңа сорттарын өсіру, сондай-ақ су және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу жөніндегі зерттеулері сай емес болып шыққан.

– Күріш институты – Арал өңірі­нің суармалы егіншілігін, суды тиімді пайдалану, топырақ­тың құнарлылығын арттыру және тұздануымен күресуді зерт­тейтін орталық. Сонымен қатар ай­мақтың негізгі дақылы күріш және әртараптандыру дақыл­дары­ның селекциясын, бастапқы тұқым шаруашылығы және агротехнологиясын әзірлеп, климат өзгерісін бағалап, болжайды, экологиялық және шөлейттену бағытындағы өзгерістерді зерттеп, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізеді. Қаржыландыруға жетекші ғалымдарды ғана емес, кіші қызметкерлерді, лаборанттар мен техникалық қызметкерлерді де қосу керек, – деді сенатор.

Ол осыған байланысты Үкімет басшысына Арал өңірінің жағ­дайы­на бейімделген күріштің жаңа сорттарын, балама дақыл­дарды әзірлеу жөніндегі ғылы­ми-техникалық тапсырманы бағ­дар­ламалық-нысаналы қар­жы­ландыруға конкурстық құжат­тамаға енгізуге ықпал етуді сұрады.

 

Дәстүрлі емес медицина қауіпті

Бибігүл Жексенбай дәстүрлі емес медицинаның жүгенсіз кет­кенін айтып, мәселе көтерді. Оның айтуынша, бұдан адамдар­дың ден­саулығына қауіп төніп жатыр. Өйткені көрсетілетін қызметтердің сапасы төмен әрі ондағы қызмет­керлердің медициналық білімі жоқ. Сенатор сонымен қатар халықаралық тәжірибе болғанына қарамастан, елде дәстүрлі емес медициналық қызметті реттейтін нормалар 2006 жылы жойылғаннан кейін бұл сала мүлде құқықтық кеңістіктен тыс қалған.

– Дәстүрлі емес медицина сала­сындағы қызметтердің сапасын арттыру үшін осы саланы заңнамалық реттеу шараларын қабылдауды қарастыру керек. Лицензиялау, сертификаттау жүйесін енгізіп, дәлелдерге негізделген рұқсат етілген әдістер мен практикалардың тізілімін жасау қажет. Бұл азаматтардың денсаулығын қорғауға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және тиімді әрі қауіпсіз дәстүрлі емес медицина әдістерін көлеңкелі аймақтан шығаруға мүмкіндік береді, – деді Б.Жексенбай.

Депутат Жанна Асанова болса адамдардың есірткілік және токсикоманиялық масаю күйін әсіресе, жаңа психоактивті заттарды, сондай-ақ ұшпа ингалянт­тардың уытты әсерін медициналық жүйелер анықтай алмай отырғанын айтты. Оның айтуынша жыл сайын мас күйіндегі адамдардың «мас емес» деп танылу жағдайлары артып келеді. Қазіргі қолданылып жүрген зертханалық әдістер синтетикалық каннабиноидтар, катинондар және жасөспірімдер жиі қолданатын ұшпа ингалянттарды анықтауға қауқарсыз. Аталған заттардың әсері тез өтетіндіктен әрі олардың саудасы шектеусіз болғандықтан, полиция мен медицина қызметкерлері мұндай жағдайларға тиімді әрекет ете алмай отыр. Сенатор медициналық куәландыру саласындағы норма­тив­тік және техникалық базаны кешенді түрде жаңғыртуды ұсынды.

 

Жекеменшік мектептер көбейіп кетті

Сенатор Наурызбай Байқа­дамов жеке меншік мектептердің кө­бе­йіп кеткенін мәлімдеді. Депутат­тың айтуынша, елде жекеменшік мектептер қарқынды дамып келеді және мемлекет бұларға айтарлықтай қолдау көрсетіп жатыр. Алайда жекеменшік мектептер саны артып, оны реттеу назардан тыс қалған.

– Жер телімдері бастапқыда жеке­меншік құқығындағы кәсіп­кер­лік немесе жеке тұрғын үй ретінде алынып, кейін нысаналы мақсаты өзгертіліп, мектеп ретінде ашылып жатыр. Салынатын мектеп құрылысының құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетін типтік жобасы бекітілуі керек. Жекеменшік білім ұйымдарының атауы ономастика саласындағы заңнамалармен реттелуі керек. Мектеп құрылтайшылары бала санын көбейту үшін орта­лық­қа елді мекендерден балалар та­сы­­мал­дап жатыр. Ал ол балалар­дың жол қауіпсіздігі мәселесі – алаң­датарлық жағдайда, – деді сенатор.

Ол оқу орындарын салу кезінде жергілікті билік органдарының пікірлерін ескеру қажеттігін, сондай-ақ жекеменшік мектептерді қаржыландыру және оқушылардың әлеуметтік қамсыздандырылуын ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауды ұсынды.

Сондай-ақ Жанболат Жөрген­баев Алматы облысындағы газдандыру және сумен жабдықтау мәсе­лелеріне Үкіметтің назарын аударып, қордаланған түйткілдердің шешімін ұсынды. Онда депутат Кеген және Райымбек аудандарын газбен қамтамасыз етуге «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральды газ құбырының құрылысы 2020–2025 жылдарға жобаланғанын мәлімдеді. Алайда бұл жоба әлі қар­жыландырылмаған. Нәтиже­сінде, жобаның сметалық құны өсуі мүмкін. Қазір 32,3 млрд теңге көлемінде қаржы жетіспеушілігі байқалады, ал бұл 2025 жылға арналған жоспарлардың орындалуын қиындата түседі.

Сенатор бұған қоса облыс­ты орталықтандырылған сумен жабдықтау проблемасын көтерді, оған 2025 жылға 24 нысан бойынша сумен жабдықтауды салу және жаңарту үшін 17,9 млрд теңге мөлшерінде бюджеттік өтінім берілген. Атап айтқанда, Талғар ауданының Бесағаш, Кіші Байсерке ауылдары мен Іле ауданының «Жомарт» тұрғын үй кешеніне тиісті қаржы бөлу керек. Бұл жобаларды іске асыру өңірдегі ауылдық елді мекендердің 99,7 пайызын ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.